Президенттік сайлау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы 500 мыңнан аса ұсыныс-пікір жинаған. «Nur Otan» партиясының белсенділері аймақтарды аралап, қоғамдық қабылдау да өткізді. Партия хатшысы Қаныбек Жұмашев халықтың ұсынысы сайлауалды бағдарламада көрініс тапқанын айтады. Үгіт-насихат кезінде басталған жалпыұлттық «Birge» акциясы тұрғындар өтінішін әлеуметтік желіде де қабылдаған. Маңызды мәселенің көпшілігі қазір өз шешімін тапты.
Қаныбек ЖҰМАШЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Біздің кандидатымыз өзінің сайлауалды бағдарламасында әділетті, әлеуметтік қоғам құрамын, баршаның игілігі үшін жұмыс жасаймыз,-деп уәде берген болатын. Міне осы орайда әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері қалай болады, қорғау қалай болады, көпбалалы отбасылар мен жастар мәселесі қалай болады? Міне, осы сұрақтар біздің сайлаушыларды толғандырды.
Нұротандықтар ұлықтау рәсімінде 10 негізгі бағытты белгілеген Президент бастамасын айқын деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам сұранысына жауап беретін бағдарлама ұсынуы - саяси додада жеңіске жетуге негіз болғанын айтады.
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін өзінің болашақта қандай президент болатыны туралы елдің алдында айтты. Ондағы басты мәселе - Елбасы осы күнге дейін жасаған жақсы нәрселердің барлығын сақтап қалу керек. Ол - біздің ұлтаралық келісім, ол - осы уақытқа дейін жеткен экономикамыздың жетістіктері, ол - біздің әлеуметтік салада жүріп жатқан өзгерістер мен реформалар.
А. Бектас