Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылордадағы дәрігерлер шалғай аудандарда жүрек пен миға күрделі ота жасамақ

AstanaTV
13.06.2019ж. 20:00
3445
Қызылордадағы дәрігерлер шалғай аудандарда жүрек пен миға күрделі ота жасамақ

Қызылорда облысының шалғай аудандарындағы емханаларда жүрек пен миға күрделі ота жасала бастады. Әйтеке би кентіндегі Қазалы ауданаралық ауруханасына заманауи жабдықтар орнатылып, ақ халаттылар арнайы білім алды. Дәрігерлер 3 ауданмен қоса Байқоңыр қаласының науқастарына қызмет көрсете алады. Бұрын елді мекен тұрғындары 450 шақырым жердегі облыс орталығына санавиациямен жеткізілетін. Енді ел-жұрт жаңа технологиямен жабдықталған ауыл ауруханасында емделеді.  

Басықара ауылының тұрғыны Қуандық Нұрбаевтың ақ халаттыларға алғысы шексіз. Оған ауыл дәрігерлері күрделі ота жасап, ажал аузынан аман алып қалған.

Қуандык НҰРБАЕВ, БАСЫҚАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басыма қан кеткен екен, осында ота жасалып, қазір жақсымын. Жақсы жағдайда аман-есен қалдым. Осы врачтарға, хирургтерге көп-көп рахмет, ақ халатты абзал жандарға, бәріне.

Бұрын ауыр халдегі науқасты аман алып қалу үшін қаладан санавиация шақырылатын. Енді жүрекке, миға және тамырларға күрделі операцияларды ауыл дәрігерлері өздері жасайды. Білікті мамандардың бірі- нейрохирург Кенесары Баспаев. Ол облыстық медицина орталығында сегіз ай арнайы білім алып, тағылымдамадан өткен.

Кенесары БАСПАЕВ, ҚАЗАЛЫ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ НЕЙРОХИРУРГ ДӘРІГЕРІ:

Тек облыс орталық деңгейлерінде немесе үлкен қалалар деңгейінде жасалатын оталарды, Құдай қаласа, біз осы ауданаралық ауруханада жасауды жоспарлап жатырмыз. Яғни, биылғы жоспар бойынша 450-дей коронарка пландап отырмыз, оның ішіне-стентирование, бәрі кіреді. Қазіргі таңда бізде екі маман дайындалды. Медицина ол тұрмайды, әрқашан дамуда. Және біз өзімізде оқып, дамуымыз керек.

Қазалы ауданаралық ауруханасында жүрек-қан тамырларына ота жасау үшін қажетті жабдықтардың барлығы бар. Дәрігер мамандар облыс орталығында қайта даярлау курстарын бітірген соң кадр мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан.

Бақыткүл ӘЛІШЕВА, ҚАЗАЛЫ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2-3 жыл бұрын бізде жалғыз неонатолог болса, қазір төртеу. Сондай-ақ реаниматологтар мәселесі де шешілді. Егер бұрын бір кардиолог болса, қазір екі кардиолог. Сондықтан бізде кадр тапшылығы жоқ деп айтуға болады. Бұл мәселе дәрігерлерді қайта даярлау арқылы шешімін тапты.

Ауданаралық аурухананың қызмет көрсету аумағы да кеңейді. Енді жергілікті тұрғындардан бөлек Арал, Қармақшы мен Байқоңыр қаласының науқастарын да қабылдайды.

З. Санай