Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қарағандылық студенттер пластикалық бөтелкеден пуфиктер жасайды

AstanaTV
13.06.2019ж. 20:00
2107
Қарағандылық студенттер пластикалық бөтелкеден пуфиктер жасайды

Қарағандыда медициналық университет студенттері пластикалық бөтелкелерден пуфиктер жасауды қолға алды. Жұмсақ, әрі жеңіл орындықтардың бағасы да арзан. Белсенділер енді ортопедиялық төсеніштер жасауды қолға алыпты. Денсаулыққа пайдалы жиһаз жасап жатқан жастармен әріптесім Айжан Қуаш тілдесіп қайтты. 

Болашақ дәрігерлер әдетте лақтырып кететін пластикалық бөтелкелерден пайдалы іс жасап жатыр. Жұмсақ, жеңіл орындықтар 120 келіге дейін салмақты көтереді. Дүкендерде мұндай жиһаздың біреуі 10-20 мың теңге тұрса, бөтелке-пуфик небәрі 4-5 мың теңге айналасында саудаға да шығарылыпты. Қалтаға тиімді, әрі экологиялық мәселені шешетін бұл бастама былтыр Елордада өткен байқауда бақ сынапты. 48 сағаттың ішінде ойлап тапқан жоба, 200 мың теңге грант ұтып алған.

Елнұр ЖАМАЛБЕК, ҚАРАҒАНДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Жалпы бұны жасау жолы қатты қиындық туғызбайды. Үйде де жасауға болады. Бқтелкенің ұштарын қолданып, бұлай кигізген кезде бұл блок основа секілді болады. Осы протатип үшін 32 бөтелке қолданылады. Сыртынан паралон, әдемі маталармен қапталып пуфик жасаймыз.

Экологиялық жоба биыл «3,2,1 Start» байқауында да 500 мың теңге грантқа қол жеткізген. Белсенділер аздаған қаржыға тігін машинасы мен жиһаз өндірісіне қажетті қондырғылар сатып алыпты. Енді, омыртқа, бел ауруларын емдейтін ортопедиялық төсеніштер жасауға кіріскен. Ең қызықтысы- аттың еріне ұқсайды. Болашақ хирург Тимур Коробейников оның пайдасы ежелден белгілі екенін айтады.

Тимур КОРОБЕЙНИКОВ, ҚАРАҒАНДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Біз осы ерге отырған кезде байқайсыз, менің жамбасым сәл артқа қарай бұрылады да белім кәдімгідей түзу болып тұрады. Күнде негізі осының үстінде біраз отыруға болады. Бүкіл күн бойы отырсақ та да болады негізі. Сіз білесіз ата- бабаларымыз күнде аттың үстінде шауып жүргеннен еш жаман болмаған.

Алайда аттың еріне отыру кеңсе қызметкерлеріне ыңғайсыздық туғызбасын деген студенттер тағы бір жаттықтырғышты ойлап тапқан.

Тимур КОРОБЕЙНИКОВ, ҚАРАҒАНДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Ортопедиялық тренажер деп санауға болады. Себебі, қозғалады. Отырған кезде біз жай ғана отырмаймыз, қозғалып жүреміз. Сол отырғаннан арқаның бұлшық еттерін нығайтуға мүмкіндік береміз отырған адамға. Болашақта бүкіл проектілер бизнеске айналып, адамдарға жұмыс орнын ашуға және өз денсаулыққа өз қолымен көмек көрсетуге мүмкіндік береді деп сенемін.

Болашақ хирургтардың қолынан шыққан бөтелке орындықтарға балалар үйінен тапсырыстар түскен. Ал, ортопедиялық төсеніштерді дәрігерлер, мен мұғалімдер кеңсе қызметкерлері сатып алып жатыр. Шеберлер болашақта бөтелкеден де жаттықтырғыш жасап көрмекші. Себебі, дәл осы денсаулыққа пайдалы өнімдерге тапсырыс көп. Алда, олар мүгедектердің қимыл-қозғалысын жеңілдететін қондырғылар жасауды жоспарлап отыр.

А. Қуаш