Негізгі / Жаңалықтар / Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының маңын абаттандыруға 90 млрд теңге бөлінді - «Nur Otan»

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының маңын абаттандыруға 90 млрд теңге бөлінді - «Nur Otan»

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының маңын жөндеп, абаттандыруға 90 млрд теңге бөлінді. Алматыдағы Алатау ауданында жол құрылысы жұмыстарымен танысқан «Nur Otan» партиясының хатшысы Илья Теренченко осылай деп мәлімдеді. Ақбұлақ ықшамауданына жол салу жұмыстары былтыр күзде басталған еді. Бүгінде ұзындығы 11 шақырымға жететін 27 көшеге асфальт төселген. Мердігер мекеме суағар мен жиектас та орнатып жатыр. Үйлерге кіре беріс жолдар да жөнделуде. Бұл нысандағы жұмыстар келер жылдың қаңтар айында аяқталады.  

Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Мемлекет басшысы партияға берген тапсырмасын бақылауда ұстап отырмыз. «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларын абаттандыру жобасына 90 миллиард теңге бөлінді. Партия үшін бөлінген қаржының шашау шықпай жұмсалуы өте маңызды. Қалалардың инфрақұрылысының реттелуі әлеуметтік жағдайға да оң ықпал етпек.

Илья Теренченко құлағының мүкісі бар балаларға арналған тегін Ай-ти-кластың жұмысымен танысты. Мұндағы заманға сай жабдықталған робот техникасы кабинеті екі жылдан бері жұмыс істейді. Қазір мұнда 40 бала білімін шыңдап жатыр. Талапкер өрендердің жетекшісі Тамара Стрельникова балалардың техникаға бейімді екендігін қуана жеткізді. Әрі жас таланттар робот техникасынан өткізілген республикалық жарыстарда жүлде алып жүр.

Тамара СТРЕЛЬНИКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЕСТУ ҚАБІЛЕТІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТТАҒЫ IT-КЛАСС ЖЕТЕКШІСІ :

ТМД елдерінен келген 20 командамен бірге бағын сынаған балаларымыз 1 орынды иеленді. Біздің ұландармен салыстырғанда олардың он екі мүшесі сау. Жарысқа инклюзивті команда сапында барғанбыз. Тайваньға ТМД елдерінен қатысушы ретінде шақырылдық.

Е. Карин