$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Күлпәш»... Жойылуы тиіс параллельдер...

AstanaTV
15.06.2019ж. 20:00
5122
«Күлпәш»... Жойылуы тиіс параллельдер...

Бағдарлама басында айтқан шығармалар мен мақалаларға тоқталамыз. Б.Майлиннің «Күлпәш» әңгімесі, Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романы мен «Ұлтты сүю» мақаласы және А.Байтұрсынұлының «Қазаққа не керек?» деп «Қазақ» газетіне жазғаны. Параллельдер: Шарасыздық. Ашыну. Үміт...Үміттің торлануы... Әрі қарайғы әрекет. Сонымен қатар тағы бір мәселе - Украина, 2014 жыл. Сол уақытта имперлік саясатты әшкерелейтін материалдарды бір емес, бірнеше ай жасағаным бар. Жемқорлық жайлаған жүйеден шаршаған қоғам бұрқылдап қайнағанда мәңгілік достықты құжатпен бекіткен қаруы күшті, әскері көп көрші жон арқадан қанжарды қадай салды. Бұл әрине, қысқа қайыратын тақырып емес. Дегенмен әлгінің «қандастарды қорғау» операциясы тез, әрі өктем жүргізіле салатынын көрдік, құдай сақтасын. Мұны бірнәрсені ақтау үшін айтып тұрмағанымды көзіқарақты көрермен, сезесіз деп сенемін. Бұрқ-сарқ ашуды, ол ашудың негізсіз еместігін бір кісідей білемін. Жемқор жүйені, шын мәнінде фанер «қабырғалар» мен фальш ұрандарды, әділетсіздікті қал-қадірімізше түйреп жүрміз. Ж.Аймауытов «Ұлтты сүю» мақаласында былай дейді:

Оқығандардың жолдан тайып кетуіне себеп болатын - бар адамның табиғатына біткен жергілікті мінездер. Орын, атақ, дәреже, мұқтаждықтың жоқтығы адамды тастырып, көтеріп жібереді. Бұларды кісінің кісісі-ақ көтереді. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегендей, бұрын қолына билік тиіп көрмеген жұрт білікті жақсылыққа жұмсай алмай, жаман жаққа жұмсап, адыраңдап, «тағдырың қолымда» деген сияқты пікірге түсіп кетуі де мүмкін, бұны Николайдың шенеуніктерін көз алдыма елестетіп айтамын.

Бірақ оянған ел ашуланып отыра бермейді. «Ұлтты сүюде» мынадай да жолдар бар:

Ендігі мақсат - аяқ астында қалмай, тырбанып тырна-қатар ретке кіру, дүниежүзінен жоғалып кетпес қамын қылу.

Айтқан шығармаларды белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлымен Данияр Қайыртай талдайды.

«Үстінде, өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Жыртық күпіге оранып, бүк түсіп баласы Қали жатыр. Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шекеден шыққандай... үйдің ішін жылытуға пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жер де жоқ... қара судан басқа дән татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны — аштықтың зардабы. Бар сенетіні байы Мақтым ел қыдырып, тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ, оның да табары жоқ...». Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» әңгімесінен үзінді. Ұқсас көрініс, ұқсас типаждар біздің уақытта да бар...

Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы-ғалым: 

Әйел заты, қыз, ана – бұның барлығы да халықтың образы. Негізі көркем әдебиетте әйел затында халықтың образы, халық тұспалданады. Шынын айту керек адамның ең ауыр жаза – өлімге, жас нәрестенің өлуі. Баласы Қали деген аштықтан өліп қалады ғой. Яғни ол Күлпәштің де, Мақтымның да ар жақ жалғасы бала еді ғой. Қали өліп қалды. Ұлт өліп қалды деп отыр.

Бала өлімі аналардың ашуға мінуіне себеп болады. Билікке бұрқыратып, іркілмей кінә тағады. Өзгеріс талап етеді. Шындықтан ешкім қаша алмайтынын жеткізеді. Кінә тағылғандар естігендей әсер қалдырады. Үміт оты жанады. Алайда сайысқа сенбегендер толқиды... Сонда да жаңа дәуір басталғандай көрінеді... Жаңа дәуір басталғанын Жүсіпбек Аймауытұлы романының кейіпкері Қартқожа да сезген еді. 

Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы-ғалым: 

20-шы ғасырдың басындағы жас азамат, халық баласы, ел баласы, қандай күйге душар болды? Ол қандай кезеңдерден өтті? Неге ол абдырап қалады, неге ол адасып қалады, неге оны төңкерістің иірімі алып кетеді, ол неге жаңалыққа қарай ұмтылады, неге ол Омбы деген сияқты қалаларға барып, түрлі азаматтармен кездесіп, жаңа дүниені көреді? Тағдырдың айдауы алып барып оны неге майданға апарады? Бірінші дүниежүзілік соғыстың, июнь жарлығынан кейінгі дүниелер... Осының барлығы да Қартқожаның мектептері. Өмір мектептері. Бұл өмір мектептері қазақты шынықтыру мектептері. Қартқожадай азаматтар, қазақтың ең оқыған азаматтары деген немесе білімге ұмтылған азамат Қартқожадай тағдырмен өмір сүретін еді. Соны көрді.

Шығарма соңында «...Қартқожа өзгерді. Бұрынғы соқыр нанымнан, діншілдіктен, ісім ағзамнан тазарды. Елді надан қып жүрген, құлқынның құлы, өзі надан қожа-молдалар екенін білді. Бұрынғы жабығу, уайым-қайғының бірі жоқ. Қартқожа талапты, жігерлі, жалынды жігіт болды. ...Қазақтың шаруа жайын, өнеркәсібін өндіру қатынасын зерттейтін болды... Адамды тұрмыс, күн көріс талқысы билеп, басын қосар, біріктірер. Қол бостық, жатып ішер жалқаулық емес, еңбек, бейнет түзетер... Жалпы адамгершілік, жалпы әділдік болу мүмкін бе екен? Бұған жауап қарау керек деп ойлайды да, тағы кітап қарайды». Бәріміз Жүсіпбектің кейіпкеріндей ізденімпаз, жаңалыққұмар болсақ ғой... 

Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы-ғалым: 

Жүсіпбектің шығармасында осындай дүниелер қатар өріп жүреді – трагедия тұрады, бірақ жаңа өмірді... Қартқожа сондай. Ылғи жаңа өмірге қарай көрсетіп отыру. «Ақбілек» те солай жақсы аяқталады ғой. Сосын жаңа өмірді көргісі келеді. Мүмкін оның ішкі, жан жүниесі сенбеген шығар. Бірақ ол, белгілі дәрежеде атқарушы билікте де, жалпы қызмет адамы болған ғой Жүсіпбек. Ал қызмет адамының міндеті жалпы халықты сары уайымға салмай, дұрыс алып жүру. Халықтың трагедиясын тереңдетпеу керек. Жүсіпбектің сол көп публицистикасында сондай көп айтылады.

«Бұқараның әспеттеуіне қарай «бұл уақытта» төрт аяғы бірден түсіп, ұлт үшін жанын салып, сілетсіз, таза қызмет қыларлық шын «шырақ» табыла беруі қиын. Бұл уақыт – қазақтың мәдениетке аяқ басатын, шаруасы, тұрмысы, білігі өзгеретін, ғаскер болатын, жалпы ұлт ісіне жол ашатын уақыт. Қазақтың өміріне көрмеген жаңалықтар кіретін уақыт – осы күнгі оқыған қызметкерлер. Қазақтың ескі қалыптан жаңалыққа көшетін – «көшпелі» заманның кісілері. «Көшпелі» заманның кісілерінің қашан да болсын кемшілігі көп болмақ. Әркім әр түрлі пікір тұтынып, әртүрлі жоба ұсынып, жаңалықты орнатуға жиһат қылмақ. Бірақ бұл буынның адамының тәжірибесі, тәрбиесі жетілмегендіктен істеген ісінде үстірттік, төселмегендік көп шығып, ойлаған мақсатына жете алмай, ескі өмірдің жауыздығымен алысумен күні өтеді. Бұлардың істеп кеткен ісінен келесі буын тәжірибе алып, төселіп, анық қызмет қылатын, қызметінің жемісін көретін солар болады». Бұл – 1918 жылы жазылған «Ұлтты сүю» мақаласы. Ал экрандарыңыздағы содан тура 100 жылдан кейінгі қазақ тіршілігінің көрінісі. 

Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы-ғалым: 

Жүсіпбектің ойының астарында табиғи дамуды, біз қазір эволюциялық даму дейміз ғой, сондай дамуды қалау, содан кейін оқығандардың халыққа жауапты болуы, халықтың оқығандардың соңынан еруі, екеуінің арасындағы бір үйлесім, гармонияның болуы, сонымен бірге бұлар ағартушылық заманның адамдары білім адамның көзін ашады дейді.

Сонда алдымен қазаққа білім керек болғаны ғой. Одан басқа не керек? Ахмет Байтұрсынұлы ғасыр бұрын жауап беріп кеткен. «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға барып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.» 

Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы-ғалым: 

Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы. Ағартушы адам үшін бәрінде де бір жүйе болуы керек. Саты-саты, баспалдақ және мәселе қойылады, мәселенің шешімі болуы керек. Сөзбұйдалық болмауы керек. Нақты шешім. Сондықтан да мына айтқан дүниелердің барлығында да осындай бір тамаша өзінің жүйесі көрініп тұруы керек. Сондықтан біз Ахметтің мысалы... Қазақ дамыған сайын бәрібір бұл дүниелер күн тәртібінде қалады. Себебі дамудың жүйесін көрсетіп отыр ғой. Дамудың, алға қарай ұмтылудың, содан нәтиже көрсетудің жүйесін, былай формуласын көрсетіп отыр.

Формула бар. Енді оны осы заманға сәйкестендіріп түсіндіру қажет қазаққа. Өзімшіл білімдінің емес, елшіл білімдінің соңынан еру керек. Әйтпесе бұра тартатындар көбейіп жатыр. Жеме-жемге келгенде тайқып кететін, шын мәнінде ахуалды бағамдай алмайтындардың қызыл сөзі қызыл қырғын шығармауы керек. Құндылық шынында біреу бізде. Ол - тәуелсіздік! Ал Күлпәш пен Қартқожа параллель жасайтын образдар емес, өз заманының кейіпкерлері болып қалуы тиіс. Бұл бірінші кезекте уәде бергендерге байланысты дүние.   

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»