Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

ҰБТ қорытындысын Telegram-нан көруге болады

AstanaTV
18.06.2019ж. 20:00
2491
ҰБТ қорытындысын Telegram-нан көруге болады

Ұлттық бірыңғай тестілеуді ың-шыңсыз өткізу керек! Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет үйінде бүгін ғана ант қабылдаған жаңа білім министріне осындай тапсырма жүктеді. Премьер тест тапсыратын түлектерді тексеру кезінде қатты кетпеуді де ескертті. Ал Асхат Аймағамбетов тесті судыратып жаттап алғаннан гөрі, мектеп бағдарламасындағы кітаптарды оқып дайындалған дұрыс деді. Тақырыпты Данияр Қайыртай толықтырады.

Жақсылық - тестілеуге өз білімін тексеру үшін ғана қатыспақ. Әйтпесе Назарбаев университетіне қабылданып қойған. Елордадағы «Зерде» мектебінің 11-сынып оқушысы 120 балдан артық жинауға талаптанып отыр. Дайындығым тас-түйін дейді өзі. Бірақ бастапқыда ата-анасы алаңдаған көрінеді. 

Жақсылық ҚУАНЫШ, ТҮЛЕК:

Оларда да қорқу болды. Бірақ мен Назарбаев университетіне деген тестерді жақсы тапсырғаннан кейін, олардың алаңдаушылығы жоғалды. «Енді ҰБТ тестін өзің үшін жазып көр» деп айтты олар да.

Маңызды күн жақындаған сайын Жақсылықтың ата-анасы секілді елегізіп отырғандар көп. Бүгін Білім және ғылым министрі оларды сабырға шақырып, «балаға сену керек» деді.  

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ: 

Кейбір уақыттарда балалары қобалжымайды, ата-ананалары қатты қобалжиды. Сондықтан біздің айтарымыз - өз балаларына сену керек. Ол қобалжуды баласына көрсеткенмен, ешқандай нәтиже болмайды. Бұл - кәдімгі емтихан.

Ал Үкімет басшысы министрлікке тест өтетін пунктілердің жұмысын дұрыстап үйлестіруді міндеттеді. Сосын тиісті органдарға түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Талапкерлерді әдеппен әрі жедел тексеру керек деді. Биыл ҰБТ-ға 117 мыңнан астам адам қатыспақ. Оның 96 мыңнан көбі мектепті биыл тәмамдап жатқандар. Кей түлектер тек аттестат алу үшін мектеп ішінде емтихан тапсырады. Олар көрші елдерге оқуға кететіндер, дейді ұлттық тестілеу орталығындағылар. 

Тұрақты ЫНТЫМАҚОВ, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Кейбіреулер мүмкін Ресейге оқуға бет бұрған шығар. Өйткені Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарында ҰБТ-ға қатысушылардың саны неғұрлым орта есепке қарағанда аз.

Биыл бірыңғай тестіге өтініш жолдағандардың 85 пайызы мемлекеттік тілді таңдаған. Тест материалдары 169 пунктіге құпия түрде жеткізіліп қойыпты. ҰБТ маусымның 20-сы басталып, 30-на дейін жалғасады. Ал оның қорытындысын арнайы Telegram-арна арқылы көруге мүмкіндік жасалмақ.  

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ берілетін болады. Онда мамандықтар тізімі, оған сәйкес бөлінетін грант саны, сондай-ақ өткен жылғы конкурстың грант нәтижелері, яғни өту балы көрсетіледі. Біздің ойымызша бұл мәліметтер талапкерлерге болашақ мамандықты дұрыс анықтауға және жинаған балына сәйкес таңдауға мүмкіндік береді.

Биыл ақылы бөлімге түсетіндерге ҰБТ-ны 4 рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Үміткерлердің біразы қаңтар, наурыз айларында сынаққа қатысып үлгерді. IELTS емтиханынан өткендер болса, шет тілінің тестінен босатылып, максималды бал алады. Ал тестілеудің форматында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек сұрақтар орта есеппен 30 пайызға жаңартылған. ҰБТ нәтижесі мектептердің рейтингіне әсер етпейді. 

Д. Қайыртай