Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Бақбақ гүл... Ұлан мен балдырған!

AstanaTV
22.06.2019ж. 20:00
4051
Бақбақ гүл... Ұлан мен балдырған!

Ұлттық ұлан сарбазы мен оған бақбақ гүл ұсынған балдырған. Нұр-Сұлтандағы митингтің бейнежазбасын түйілген қабақ, шарасыздық, ашумен көрген жүректі елжіретіп, бәрі жоғалмағанын дәлелдеген кадр. Кейін екеуі кездесті. 5573 әскери бөліміне өзін іздеп келген Айринге ойыншық, анасы Саяжан Досжановаға гүл сыйлаған иманды жігіт, сырбаз сарбаз Шәміл Мұхитдиновпен біздің тілшіміз Әлішер Өмірзақ әңгімелескен.  

Әлішер Өмірзақ, тілші:

Біз қазір ҚР Ұлттық ұланының 55 73 әскери бөліміндеміз. Мына менің оң жағымда тұрған 18-19 жас арасындағы бозбалалар, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. 2 взводтың қатарында ҚР Президент сайлауы кезінде әлеуметтік желіде кеңінен тараған фотоның кейіпкері, сарбаз Шәміл Мұхитдинов те бар.

Алматы облысы Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында туған. 18 жаста. Көптің көңілін жылытқан сол суреттен кейін танымалдығы артқан. Мәселен, әскерге дейін оның Іnstagram-ында 500-ге жетер жетпес оқырманы болса, бүгінде 11 мыңға таяған. Танымал болуға кім қызықпайды,- деген ол, - бірақ әскерде танымал болам деген үш ұйықтасам да түсіме кірмепті, дейді.

Шәміл Мұхитдинов, сарбаз:

Анам әрқашан «жұлдызым» деп еркелететін. Енді, міне, сол суреттің арқасында танымал болып шықтым. Іздейтін қыздар да көбейіпті. Нөмерімді тауып алып хабарласып жатыр. Әскерден келгеніңді күтеміз деп жазады, әлеуметтік желіде. Үйдегілер де, барлық таныстарым, әскердегі достарым «Біз сені мақтан тұтамыз», дейді. Анам болса ол суретті шығарып, үйге іліп қойыпты. Өзімнің қандай сезімде екенімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өте қуаныштымын.

Шәміл бұл суретті тек 3 күн өткен соң көрген. Ал суреттің қалай пайда болғаны туралы қатардағы жауынгердің өз аузынан естідік.

Шәміл Мұхитдинов, сарбаз:

Сайлау күні болатын. Таңғы асты ішіп болып біз де дауыс бердік. Кенет біздің батальон қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қалаға жіберілетіні жайлы айтылды. Тиісті жерге әкелді, біз өз міндетімізді орындауға кірістік. Бізге ала көзбен қарап, тиісіп сөйлеп өтіп жатқандар көп болды. Түс тақап қалған болатын, шаршаңқымыз. Алыстан кішкентай қызымен келе жатқан арбасы бар ананы көзім шалған, қасымызға жақындағандарын байқамаппын. Бүлдіршін бақбақ гүлімен маған қарай ұмтылды. Гүлін созып, күлімдеп қарады. Күлкісі бойыма жылу сыйлады. Қалай қалқанды түсіріп, гүлді қалай алғанымды түсіндіре алмаймын. Соның арқасында менің де, өзге сарбаздардың да көңіл күйлері бір көтеріліп қалды.

Бірнеше күннен кейін журналистердің ұйымдастыруымен суреттегі екі жасар қыз Айрин және анасы Шәмілмен қайта қауышты. Бұл жолы Ұлттық ұланның қабырғасында. Өзімнің қарындасымдай көремін, деген сарбаз әскерден кейін де ол отбасымен араласып тұруға ниетті. Ал гүлді өкінішке орай, сол күні жоғалтып алған. Дегенмен бұл оқиға менің болашақ мамандығымды таңдауға көмектесті, дейді.

Шәміл Мұхитдинов, сарбаз:

Полицей боламын деген ойда жүрдім. Алдымен әскерге барып, ұқсас өмірдің дәмін татқым келді. Менікі емес секілді. Ал осы оқиғадан кейін кино әлеміне баруды ұйғардым. Өзімді актер ретінде көремін. Қуанышты хабарым да бар. Борышымды өтеп болған соң фильмге түсуге шақырту алдым.

Сайлау, митинг және көптің көңілін жібіткен, сенім ұялатқан сурет. Отан алдындағы борышын орындап жатқандардың халықпен бірге екенін керемет бейнелеген. Түрлі өзгерістер, азаматтық позициялар және үкімет әрекеті – бастысы бүлдіршіндеріміздің ыстық жүрегі суымаса екен.

Әлішер Өмірзақ «Біздің уақыт»