Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Мұнай-газ саласына отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсету компаниялары жолай алмай отыр...

AstanaTV
22.06.2019ж. 20:00
5955
Мұнай-газ саласына отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсету компаниялары жолай алмай отыр...

Осы айдың басында Атырауға барған сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген: Жергілікті өнім өндірушілер үшін тең құқылы жағдай жасау. Қазір салық және басқа да бюджеттік төлемдер бойынша тек шетелдік жеткізушілерге жеңілдік бар. Соның кесірінен біздің кәсіпкерлер байқауға қатысуға әрекет те жасамайды. Себебі одан еш пайда жоқ екенін біледі. Рас, еліміздегі алпауыт мұнай-газ өндіруші компаниялар отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге қырын қарайды. Олар түрлі сылтаумен қазақстандық компанияларды мердігер қылудан бас тартып келеді. Мәселен, NCOC компаниясындағы жергілікті үлес 33 процент болса, ТШО- да 5 процент шамасында ғана. Өзекті мәселе мыналар: 1. Құрылыс, не күрделі жөндеу жүргізуге қазақстандық компаниялардың xалықаралық стандартқа сәйкес тәжірибесі жоқ, -дейді. 2. Тендерлер жабық өтеді. Әрі ұтылған жағдайда қай жерде кемшілік кеткені тарқатып айтылмайды. Ұтқан компаниялардың артықшылығы неде? Ол да жұмбақ. 3. Салық. Президент айтқандай, шетелдік компания сырттан тауар әкелсе салық бойынша жеңілдік бар. Ал сол тауарды қазақстандық компания кіргізсе - жоқ! Бұл проблеманы да біз талай көтердік. Мұнай-газ саласындағы сервистік компаниялар елімізде Батыс мемлекеттерінің, Ресей мен Қытай компанияларының бейнелеп айтақнда - «гүлдей жайқалып» отырғанын, оның себептерін тәптіштеп түсіндірген. Сәйкесінше, біздің жұмысшылардың іш күйетіндей аз жалақы алатынын. Базаргүл Нәдірқызының материалы.

  Елімізде ірі жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге пысқырғаны бар. Қазақстанның «қара алтынын» қазып алуға араны кең ашылғанымен, жергілікті тұрғынға жұмыс беруге келгенде ниеті тым сараң. Мұнай-газ саласындағы алпауыттар - Солтүстік Каспий жобасында да, Теңіз кен орнында да қазақстандық үлес тым аз. Оны Атырауға сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашық мәлімдеген-ді. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: (04.06.2019 . АТЫРАУ):

...Ең ірі 3 жобаның өнімдер мен қызмет қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамтудың үлесі 34 пайыз. Бұл деңгей талай жылдан бері еш өспей, бір орнында табандап тұр. Мәселе неде? Неге өзгеріс жоқ? Еліміздегі ірі инвесторларға мына мәселені баса айтым келеді: Біз барлық келесім шарттардың тұрақтылығын берік сақтап келеміз. Соның өзінде оның аясында барлық мүмкіндіктер толыққанды берілмей отыр. Біз жергілікті кәсіпкерлердің өнімдер мен қызметтерді сатып алуына кедергі болып отырған мәселелерді анықтап, оны шешуін бірге табуға тиіспіз. Жергілікті тұрғындар мен отандық бизнес өкілдерінің күткені осы. Және бұл орынды талап.

Облыстық кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, NCOC компаниясындағы қазақстандық үлес 33 пайыз шамасында болса, «Теңішевройл» кәсіпорнындағы қызметтің 5 пайызында ғана отандық компаниялар жұмыс істейді. Әрине, көбірек қызмет етуге қауқарлы кәсіпорындар баршылық. Бірақ тапсырыс жоқ. Өйткені алпауыт компаниялардың өз талабы мен тәртібі бар. Кедергі мен құпиясы көп. Соның кесірінен бас мердігерлік жобаларға қазақстандың компаниялар жолай алмай жүр.

Абдолла ИДРЕСОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Тендерлік процесс жабық түрде өтеді. Арнайы жасақталған сайт бар. Ол сайтта тіркеуден өтеді. Құжаттарын тапсырады. Бірақ шақырту алмайды. Шақырту алғанның өзінде де қандай мәселемен оларға кері қайтатыны, протокол шешімі қандай болды, ол туралы айтылмайды. Яғни кәсіпкер тендерде қай жерде қателік бар екенін білмейді.   

Абдолла Идресовтің сөзінше, және бір үлкен кедергі - осы жобаларға құрал-жабдықтардың сырттан тасымалдануы. Елімізде құрал-жабықтар жасайтын зауыттар да бар, шетелдік үздік тауарларды әкелуге ниетті отандық кәсіпорындар да жоқ емес. Бірақ бұл есік те жабық.

Абдолла ИДРЕСОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Атыраунефтемаш», «НСС», «ЖігерМұнайСервис» бар, одан бөлек компаниялар бар, олар өндіре алады. Құрал-жабық шығаруға болады, құрастыруға да болады. Екінші: егер де осы Қашаған жобасына, Теңіз жобасына сырттан құрал-жабдықтарды шетелдік компаниясынан ТШО, NCOC сатып алатын болса, олардан кеден салығы мен қосымша құн салығы босатылған. Соған байланысты олар сырттан әкелетін тауарлар арзан бағамен келеді. Оларға тиімді, сырттан әкелінетін тауар. Біздің компаниялар осы мұнай саласына қызмет көрсететін компаниялар сол тауарларды сырттан әкелсе, оларға қосымша құн салығы салынады. Салынғаннан кейін соған сәйкесінше бағасы көтеріледі. Бағасы жоғары болғаннан кейін ол құралды алмайды. Кезінде қабылданған келісім шарт бар, соған өзгерістер керек. Кәсіпкерлердің сұрап отырғаны - сол.

Кәсіпкерлердің сұрап отырғаны – тендердегі ашықтық, салықтағы тең құқық. Жергілікті билік табиғат пайдаланушы ірі компаниялардың бірінші басшыларын ашық әңгімеге шақырып, мәселені шешсе,- дейді.

Серболат ШОРАЕВ, МҰНАЙ СЕРВИС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Шетелден келетін азаматтарға қарау керек. Егер біздің нарықта ондай адамдар бар болса, жұмысшылардың қажеттілігі жоқ. Ресейден келіп жатқан компаниялар бар, біздің осы жерден дәнекерлеушілерді жинап алып кетіп жатыр. Сол тесттен өтіп жатыр. Дәл осы уақытта адамдар келіп жасап жатыр, біздің жұмысымызды. Осы мәселенің алдын алу мен ойлаймын тікелей акиматтың қолында. Жергілікті акимат рабочий разрешениенің алдын бөгеу керек. Одан кейін ең төменгі категория сварщиктерге мүмкіндік бермеу керек. Өйткені біздің өзіміздің колледжіміз бар, әлемдік деңгейде білім беріп отырған. Тәжірибе де: дуальды оқыту деп айтады ғой, сол бойынша әрі практика да, әрі теория да - жеткілікті білім білім беріп отыр. Сол біздің жігіттерді алса, әбден жақсы нәтижеге қол жеткізуге болар еді.

Серболат Шораевтың компаниясы Ресей, Грузия, Ирак мемлекеттеріндегі ірі жобаларда бас мердігер болып істейді. Айтуынша, компанияда қызмет ететін екі мыңға тарта жұмысшының 70 пайызы шекара сыртында еңбек етіп жүр. Еріккеннен емес! Елдегі ірі жобалардан бөлінетін үлес тым аз, компания қызметкерлерін ұстап тұруға жеткіліксіз.

Серболат ШОРАЕВ, МҰНАЙ СЕРВИС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мен сыртта ген подрядчикпін. Мында мен суб суб суб болып кетемін. Ол жерде пайда да қалмайды. Ол жерде бүкіл жұмыстың бәрін сен істейсің. Ал пайданы арадағы посредниктер алып кетіп отыр. Осындай мәселе. Мен ойлаймын, құрылыс саласында шетелдіктерідің алдын бөгей беруге болатын сияқты. Өйткені құрылыста жергілікті компаниялар әбден өсіп жетілді. Біз енді сырттан барып жұмыс істеп жүрміз. Сырттан барып жұмыс істегенше, біздің жерімізде жасамаймыз ба, артығымен.

Ал бұл уақытта шетелдік жұмысшылар мұнайлы өңірге ағылып жатыр. Атырау облысындағы жобаларға тартылған шетелдік жұмысшы күшінің саны биыл біраз артқан. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы 10286 шетелдік жұмыс істеуге келген. Биылғы сұрап отырған квота саны – 17 мың. Яғни шекара сыртынан былтырғыдан 7 мың мигрант артық келеді деген сөз. Бір қызығы, олардың көбі – жұмысшы мамандар.

Азамат МӘМБЕТОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Басым көпшілігі 3 пен 4ші санаттағы азаматтар, шетелдің. Бұл негізгі былтырға қарағанда өсімі «Теңіз» кеңейтілген жобасында. Яғни ТШО деп айтамыз. «Болашақ» кеңейту жобасы бойынша жұмысшылар шетелдің азаматтары. Бұлар жалпы басым көпшілігі Ұлыбританиядан келеді және Канададан келіп жатыр, Индиядан келіп жатыр. Өзбекстаннан маусымдық адамдар келіп жатыр...Техниктер, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, кран басқарушылар бар, солардың өзі 4 категория жатады.

Дегенмен сең қозғалуы мүмкін. Атырау сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке алпауыт компанияларда отандық кәсіпорындардың үлесін арттыру бағытында бірнеше тапсырма берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ (04.06.2019 . АТЫРАУ):

Біріншіден, Қашаған жобасы бойынша қазақстандық компаниялар үшін тең дәрежеде қолжетімді етуге құны 20 млн доллардан асатын сатып алу жұмыстарына ғана келісім береміз. Сөйте тұра қазақстандық компаниялардың басым көпшілігі әсіресе, шағын және орта бизнес бұл межеден төмен сигментте жұмыс істейді. ТШО жобасы бойынша бұл жұмыс мүлдем жолға қойылмаған. Үкіметке консорциумдармен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын. Бұл біздің жүйелі мәселеміз. Оны үкімет жедел түрде шешіп, жағдайды өзгертуі тиіс.

Президент тапсырмасы орындалса, бұл мәселенің көбесі сөгіліп, кеудесі ызаға толы қарапайым еңбек адамының бойында үміт пайда болар еді. Ыза мен үміттің қайсысы басым түсер екен?

Базаргүл Нәдірқызы "Біздің уақыт"