$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Қостанайда күн күрт суытып, қалың қар жауды

AstanaTV
24.10.2017ж. 20:00
2798
Қостанайда күн күрт суытып, қалың қар жауды

Қазанда жауған қар Тобыл өңірінің тұрғындарын әбден әбігерге салды. Аймақта күн райы күрт суытып, қатты жел соғып, қарлы боранға ұласты. Көктайғақтың салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Екі күннің ішінде 29 жол-көлік апаты тіркелген. Ал, жүргізушілер дөңгелек ауыстыру үшін таңертеңнен кешке дейін кезек күтуге мәжбүр. Табиғаттың тосын құбылысы туралы Заңғар Санай баяндайды.

Заңғар  Санай, тілші:

Қазанда жауған қалың қар әуелі әлеумет пен коммуналдық мекеме өкілдерін аяқтан тік тұрғызды. Кәсіпорын жұмысшылары таңмен таласа шаһар көшелерін ақ ұлпадан арылтуға кіріссе, дөңгелек ауыстыруға асыққан көлік тізгіндеушілер сан сағат бойы сарылып кезекте тұрды.

Таңертең сегізден келдік. Содан бері тұрмыз ғой әлі. Барлық жерде осындай кезек.

Қар түсіп, тайғақ болатынын бәріміз де күтпеген едік. Шыны керек 7-8 сағат тұрып, әрең-әрең дегенде ауыстырып жатырмыз. Қызметіне 4 доңғалағын ауыстыруға 3600 теңге бердім. Былтыр да солай болған.

Қостанайда бір түннің ішінде он күндік қар түссе, кейбір аудандарда ақ ұлпаның айлық  мөлшері жауған. Ал желдің ұйытқуы секундына 25 метрге дейін жеткен. Қазанда қар жаудырған оңтүстік-батыс циклоны облыста бірнеше күн сақталуы мүмкін. Алайда синоптиктер алдағы уақытта қар аралас жаңбыр жауады деген болжам айтып отыр.

Ирина Жиляева, инженер-синоптик:

Қар қалың түсті. Қарасу ауданы мен Құсмұрын төңірегінде бір айлық мөлшерге дейін жетті. Ал Қостанайда он күндік қар мөлшері жауды. Аномальдық жағдай деп айтуға болады. Бірақ біздің аймақта қазан айында қалың қар жауған жылдар болған.

Көктайғақтың кесірінен кешеден бері облыста 29 жол-көлік апаты тіркелген. 4 адам түрлі дене жарақатын алған.

Абылай Дәндібаев, Қостанай облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің  инспекторы:

Өткен тәулік ішінде өңір бойынша 29 жол-көлік апаты тіркелді. Соның 21 облыс орталығында болды. Апат салдарынан 4 адам түрлі дене жарақатын алған.

Заңғар Санай, тілші:

Синоптиктер осыдан алты жыл бұрын қазан айында қар түсіп, қалың бұқара әбігер болғандығын айтады. Алайда ауа райының қолайсыздығы такси жүргізушілеріне қолайлы болған сыңайлы. Табиғаттың тосын құбылысын пайдаланып, қызмет құнын біршама көтеріп жіберген.

Заңғар САНАЙ