$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Арыстағы апаттан зардап шеккен тағы бір әскери қаза тапты

AstanaTV
26.06.2019ж. 20:00
3516
Арыстағы апаттан зардап шеккен тағы бір әскери қаза тапты

Арыстағы апаттан тағы бір әскери қызметкер қаза тапты. Осылайша құрбан болғандар саны 3 адамға жетті. Дәрігерлер тағы 16-ы адамның жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Олардың ішінде балалар да бар. Данияр Қайыртай Арыстағы жағдайға қатысты соңғы ақпарттарды жинады. 

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:

Жарылыстан жан тәсілім еткен 32 жастағы сержант. Әбдіқұл Ахметов 2013 жылдан бері келісімшарт бойынша қызмет атқарып келген. Бөлімше командирі болған марқұмның артында жұбайы мен бір баласы қалды. Бірақ қай жақтың тумасы екені белгісіз. Бүгін брифинг өткізген Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев опат болған әскерилердің отбасына ақшалай көмек көрсетілетінін айтты. Ал бұған дейін қайтыс болғандар туралы мүлде ақпарат жоқ. Тек тағы 2 әскеридің өмірі қыл үстінде тұрғаны белгілі болды. Жарақат алған 9-ының өміріне қауіп төніп тұрмаған көрінеді. Олар әскери госпитальдарда. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханада барлығы 70 адам жатыр.

Біржан ОСПАНОВ, ҰЛТТЫҚ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНА ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 

Қазір Шымкенттегі клиникаларда 70 пациент жатыр. Оның 16-сы жансақтау бөлімінде. Ал соның үшеуі - 2 бала мен бір әйел адам өте ауыр жағдайда жатыр. Әйелдің жіліншігі сынған, сан еті зақымданған. Балалар ес-түссіз жатыр. Машиналардың соқтығысуынан екеуінің де миына зақым келген. Қазір олар білікті дәрігерлердің бақылауында.

Ал бұған дейін 350 адамның із-түссіз жоғалғаны жөніндегі ақпарат тараған еді. Ішкі істер министрілігі мұны жоққа шығарып, жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа таратылатынын ескертті.  

Нұрділда ОРАЗ, ҚР ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

ҚР ІІМ ресми түрде Арыс қаласында 350 адамның жоғалғандығы туралы ақпаратты жалған екендігін мәлімдейді.

Қорғаныс минстрінің орынбасары 24-і күні Арыста шамамен 40-50 жарылыс болғанын айтты. Ведомство қоймада сақтаулы тұрған оқ-дәрілердің санына қарап осындай тұжырым жасап отыр. Жарылыс кезінде қоймада 90 тонна қару-жарақ болған көрінеді. Ал арыстықтар сол күні телефонға түсірілген сұмдықты әлі де жариялап жатыр.  Министрлік мәліметінше, оқыс жағдай кезінде қоймада ешқандай зиянды реактивті элементтер болмаған. Ал оқ-дәрілердің бөлшектері қала аумағында әлі де болуы мүмкін. Сондықтан генерал-майор тұрғындардың қалаға қайтуына әлі ерте деп отыр.

Тимур ДӘНДІБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Утилизациялануы тиіс оқ-дәрілер болуы ықтимал. Қазір 1800 әскери қызметкер осы іспен айналысып жатыр. Ішінде саперлер де бар. Тұрғындар үйлеріне қашан оралатынын әлі нақты айта алмаймын.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:

Вице-министр қоймада ядролық зарядтар болған емес, сондықтан тұрғындар денсаулығына ешқандай зиян жоқ, деді. Ал жарылыс ядролық сынақтардағыдай «саңырауқұлақ» тудырғанын оқ-дәрінің күштілігімен байланыстырды.

Д. Қайыртай