Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Арысқа гуманитарлық көмек әлі жөнелтіліп жатыр

AstanaTV
28.06.2019ж. 20:00
4427
Арысқа гуманитарлық көмек әлі жөнелтіліп жатыр

Арыстағы қирап қалған 450 үйді жөндеуге Қостанай облысының әкімдігі де көмектеспек. Қазір құрылысшылар іске кіріскен көрінеді. Қиын жағдайға тап болған арыстықтарға ел болып қол ұшын беру акциясы әлі тоқтаған жоқ. «Nur Otan» партиясының бастамасына қолдау білдірген алаш жұрты күн сайын тонналап жүк жөнелтіп жатыр.

Тобыл өңірінен оңтүстікке ұн, макарон, кондитер өнімдері тиелген 30 тонна азық-түлік жөнелтілді. Кәсіпкерлердің бірқатары арнайы есеп-шоттарға қаржы аударған. Бүгін игі бастаманы сусын өндіруші кәсіпорынның ұжымы жалғастырды. Олар Түркістан облысына 20 тонна таза су тиеген көлікті жолға салды. Ал тасымалдаушы компания өкілдері оны тегін жеткізеді.  

Игорь ГЕННИ, СУСЫН ЗАУЫТЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ: 

Оңтүстік өңірде күн қатты ыстық. Сондықтан сапалы ауыз су өте қажет деп есептейміз. Арыс тұрғындарына және сол жаққа көмекке барғандарға осылай қолдау көрсетуді өзімізге мақсат еттік.  

Ақтөбелік ағайын да асардан қалыс қалған жоқ. Арысқа аймақтан жүк тиелген үшінші керуен жөнелтілді. Апат аймағындағы зардап шеккендерге облыс тарапынан 58 тонна жүк пен 63 миллион теңге көлемінде қаражат жиналған. 

Асылжан БҮРКІТАЛИН, «JAS OTAN» ЖҚ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

«Бұл тауарлардың барлығы ақтөбеліктердің Ақтөбегі ірі компаниялардың қосқан үлесі деп білеміз. Осымен біз гуманитарлық көмек жинауды тоқтатамыз. Өйткені Арыстағы ағайынның сұранысы бойынша алдағы уақытта үй жөндеуге және басқа да нәрсеге ақшалай көмек керек болып жатыр. Ал азық-түлік, тамақ жетеді деген ұсыныс түскен болатын.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында халықтан гуманитарлық көмек қабылдауға арналған екі пункт ашылған. Апта басынан бері астана төрінен 60 тонна азық-түлік пен керек-жарақ Арыстағы ағайынға жіберілді. Кейбір азаматтар өз беттерінше арнайы көліктермен жүк жөнелткен көрінеді. 

Бақдәулет ЖАНДІЛДАЕВ, «JAS OTAN» ЖҚ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Қазір 20 тонна гуманитарлық көмек жіберу жоспарланып отыр. Астана қаласы бойынша Арыс қаласына көмек көрсету мақсатында 200 млн-нан астам теңге қаржылай көмек көрсетілген болатын.

«Арыспен біргеміз» акциясы аясында "Нұр Отан" партиясының Алматы бастауыш партия ұйымдарының мүшелері де қалыс қалмады. Олар азық-түлік, тұрмыстық заттардан бөлек, жаздық киім-кешек пен төсек-орын жабдықтарын жинаған. Партия мүшелері қажеттілік тоқтамайынша, көмек те тоқтамайды деді. 

Мұрат ОМАРОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСУ АУДАНДЫҚ ФИЛАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Осындай қиын кезде қол ұшын беретін азаматтар көбейіп келе жатыр. Бұл да бір қуантатын жағдай. Бастауыш партия ұйымдарымен сөйлескен кезде біз Арыстағы ағайынды қалдыра алмаймыз. Әрқашан, біткенше қолдаймыз, көмектесеміз деген өтініштер келіп түсіп жатыр.

Қостанай облысы басшысы Архимед Мұхамбетов Арыс қаласындағы қирап, бүлінген 450 үйді қалпына келтіруге көмек қолын созатынын айтты. Қазір онда облыс әкімінің орынбасары бастаған делегация осы мақсатта жұмыс істеп жатқанын жеткізді.  

З. Санай