$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркістан облысында үш қызды азаптаған өгей ана сотталды

AstanaTV
01.07.2019ж. 20:00
3923
Түркістан облысында үш қызды азаптаған өгей ана сотталды

Түркістан облысында өгей қыздарын азаптап келген анаға бүгін сот үкім кесті. 28 жастағы келіншек 4 жарым жылға сотталды. Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі жабық жағдайда қараған болатын. Үкімге де тілшілер қатыстырылмады. Ақпаратты телефон арқылы берген төраға Қанатбек Қоңырбаевтың айтуынша, оған жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленген. Ал үш қызы әкелерінің қамқорлығында қалдырылыпты. Сотталғанның екі жасқа толмаған ұлы жергілікті білім бөлімінің қамқорлығында. Бүгін сондай-ақ, келіншектің сот процесі кезінде яғни маусым айында босанғаны белгілі болды. Қылмысы әшкере болған кезде оның айы-күні жақындап қалған болатын. 

Қанатбек ҚОҢЫРБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Сол кішкентай баланың тағдыры қазір сол аудандық білім бөлімінің қорғаушы және қамқоршы мекемесінің қарауына, осы қорғаншылық қамқоршылық мәселесін шешу үшін сол кісілерге берілді. Ар жағы сол атқару жүйесі, білім бөлімі өздері сол баланың тағдырын өздері шешеді.

Еске салайық, дүйім жұрттың жағасын ұстатқан жағдай Жетісай қаласында сәуір айында ашылды. Кәмелетке толмаған үш қызды әкелерінің екінші некедегі әйелі ұзақ уақыт денелерін тістеуікпен қысып, темірмен ұрып, қорлап келгені белгілі болды. Соттың дерегінше 28 жастағы өгей шеше азаптау процесін 2017 жылдың қыркүйегінен жалғастырып келген. Судья мұнан өзге ақпаратты жария етпеді. 

А. Төребекқызы