Негізгі / Жаңалықтар / «Нұрлы жол» бағдарламасының 7 млрд теңгеге жуығы игерілмей қалуы мүмкін

«Нұрлы жол» бағдарламасының 7 млрд теңгеге жуығы игерілмей қалуы мүмкін

6,9 млрд теңге. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында осынша қаржының жыл соңына дейін игерілмей қалу қаупі бар. Жыл басынан бері мақсатты жұмсалмаған теңгелер өз орнын таба ма? Ал «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Премьер-министр аймақтарда үй салу жоспарында тепе-теңдіктің жоғын айтып сынады. Үкімет отырысынан Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Қазына қоржынынан «Нұрлы жолға» бөлінген 7 млрд теңгеге жуық ақша қауіпті аймаққа түсіп қалды. Қаржы министрі жыл соңына дейін игілмей қалуы мүмкін деп ескертті. Ал аймақтар бюджетінде 2,2 млрд теңге жер мен көктің ортасында тұр. Ал жыл басында бас қаржыгер Бақыт Сұлтанов тағы да бюджеттің бүйірін босатқаны үшін, яғни қаржыны үнемдей алмағаны үшін Елбасынан соңғы ескерту алғаны есімізде. 

Дайын ақшаны ұқсата алмаған өңірлер: Маңғыстау облысы 1,0 млрд теңге. Ақмола облысы - 184,7 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысы - 456 млн теңге және Қарағанды облысы - 455,8 млн теңге.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Қаржылардың игерілуін қатаң бақылауға алу керек. Сонымен қатар, Бақыт Тұрлыханұлы, ақшаны биыл игере алмаған бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне 2018 жылы қаржыларындыруды азайту бойынша ұсыныс енгізіңіз. 

«Нұрлы жер» бағдарламасында да бәрі ойдағыдай емес. Инвестициялар және даму министрі банктердің қызығып отырмағанын айтты. Өйткені ипотека алушы қарызын төлей алмаған күнде, банктердің үстемеақыларын қайтарып алуы қиын екен. Сондықтан бағдарлама мен заңнамаға осы бағытта өзгерістер енуі мүмкін деді. Ал Премьер-министр аймақтардағы үй салу бойынша сұраныс пен ұсыныстың үйлеспейтінін айтып сынады. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Алматы облысында 37 мыңдай адам үй кезегінде тұр, ал жоспар бойынша 82 пәтер тапсырады. Қарағанды облысында кезекке тұрғандары саны 35 мың, 387 пәтер беріледі. Маңғыстау облысында, керісінше, 17 мың адам кезекте, 1132 пәтер тапсыру жоспары бар. Ақтөбе облысында 26 мың кезек, тапсыру жоспары 2600. Бұлай болмауы керек. Сұраныс жоғары жерде құрылыс мүлдем жоқ.

Үкімет отырысында ақылы жолдардан түсетін ақша да есептелді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

2020 жылға қарай жолдардан жыл сайын 30 млрд теңге жиналады. Ал 2023 жылдың аяғында ақылы жолдардан түскен қаржы 45 миллиард теңгеге жетеді. Сонда бұл ақша ұзындығы 23 мың шақырымнан асатын республикалық маңызды жолдарды күтіп ұстауға жетеді. Яғни ол үшін бюджеттен қосымша қаржы алынбайды.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Үкіметтің заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін 50 мың гектардан артық бермеу нормасын қарап жатқаны да белгілі болды. Тиісті әдістеме дайындалу үстінде деді ауыл шаруашылығы министрі. Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астанаға газ тарту үшін инвестордың әлі табылмағанын мәлімдеді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ