$486.44 €534.31 ₽5.06
×

Жаңа оқу жылынан бастап 7 мыңнан аса павлодарлық оқушы жаңартылған асханаларда тамақтанатын болады

AstanaTV
03.07.2019ж. 20:00
2243
Жаңа оқу жылынан бастап 7 мыңнан аса павлодарлық оқушы жаңартылған асханаларда тамақтанатын болады

Жаңа оқу жылынан бастап 7 мыңнан аса павлодарлық оқушы жаңартылған асханаларда тамақтанатын болады. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған пилоттық жоба өңірдің 11 мектебінде жүзеге аспақ. Тамақтанудың жаңа механизмі ресейлік компанияның әдісі бойынша дайындалады. Оған кәсіпкерлер жалпы соммасы 94 млн теңгенің инвестициясын құйған. Тақырыпты осы аймақтағы тілшіміз сабақтайды.

Пилоттық жоба Павлодар қаласының №41 мектебіне енгізілген. Тәжірибе түрінде қолға алынған жоба өз нәтижесін бере бастаған. 3 айда оқушылардың тамақтану сапасы біршама артқан дейді - білім беру басқармасы. Сондықтан да осы жылы аймақтағы 11 мектеп пилоттық жобаға қосылмақ.  

 Гауһар БАБЫҚОВА, №41 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Өткен жылы мысалы, оқушыларымыздың тамақтануы 450-500 теңге көлемінде бағаланса, қазіргі уақытта ол 320 теңге көлімінде бағаланып отыр. Ол біздің балаларымызға да ата-аналдарымызға да жеңіл деп ойлаймын.

Мамандардың айтуынша, мектеп асханаларының көпшілігіндегі жабдықтар әбден ескірген. Сондықтан да қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына шағымданатын ата-аналардың қарасы қалың. Осы түйткілді шешу мақсатында білім беру басқармасы мектеп асханаларын мемлекеттік жекеменшік әріптестікке беруді ұйғарыпты. Оқушыларды тамақтандыруға ресейлік компания қызығушылық танытқан.  

Мадина ЖАУКЕНОВА, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Біз апталық ас мәзірін құрастырдық. Мәзір Тамақтану академиясымен келісілген. Бұған бірінші және екінші ыстық тамақ, салат, сүт өнімдері мен жемістер және компот секілді сусындар кіреді. Бұның барлығы тамақтану академиясы ұсынған толыққанды ас мәзірі.

Компания өкілдері тек ас мәзірін ғана емес, асхананы да толығымен жаңартпақ. Ол үшін аймақтағы 11 мектеп асханасын күрделі жөндеуден өткізуге 94 млн. теңгенің инвестициясы тартылған. Бұған қоса асханаға заманауи жабдықтар сатып алуға да көңіл бөлінбек. 

Екатерина ГОМАН, БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жекеменшік серіктестер инновациялық технология ұсынбақ. Бұл қалалық мектептерге 6 заманауи аппарат орнатпақ. Ол тағамды сапалы дайындайтын құрылғы. Ал өзге мектептерге «Е-асхана» жүйесі орнатылады. Бұл балалардың қалай тамақтанып жатқанын бақылауға мүмкіндік беретін электронды жүйе.

Қазіргі уақытта мектеп ішілік лагерлер жұмыс істеп жатқандықтан, асханаларда жөндеу жұмыстары басталмаған. 15 шілдеде лагерлер жұмысы аяқталысымен мердігерлер іске кіріспек. Білім беру басқармасының мәліметінше күрделі жөндеу 30 тамызда аяқталады. 

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

1 қыркүйекте Павлодар қаласының 7 мыңнан аса оқушысы жаңартылған асханалардан тамақтанады. Мұндағы басты жаңалық кешенді түскі ас болмақ. Бұл оқушылардың дұрыс тамақтанып, қажетті дәрумендерді пайдалауына мүмкіндік береді - дейді, мамандар.

Ө. Қуанар