Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Арыс қаласында атқарылып жатқан істер «Nur Otan» партиясының бақылауында - «Nur Otan»

AstanaTV
04.07.2019ж. 20:00
2544
Арыс қаласында атқарылып жатқан істер «Nur Otan» партиясының бақылауында - «Nur Otan»

Арыс қаласында атқарылып жатқан істі «Nur Otan» партиясы бақылауында ұстап отыр. Аймаққа жұмыс сапармен барған партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді. Ол апат зардаптарын жою жұмыстарымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. 

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алдымен апат кезінде қираған әлеуметтік нысандарды аралап, оларды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Балабақша ұжымымен кездескен Бауыржан Байбек ешбір адам өз проблемасымен қалмайтынын айтты.     

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырма берді. Біз партия тарапынан қоғамдық партиялық бақылауды күшейтеміз. Тағы бір рет партия басшыларына айтып шықтым, әрбір адаммен, әрбір отбасымен қарым-қатынас орнатып сөйлесу керек. Қазіргі жағдайда психологиялық тұрғыдан көмек көрсетілу керек, әрбір адам өз проблемасымен жалғыз қалмау керек.

17 секторға бөлінген шаһарда 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан келген 170 бригада жұмысты бастап кеткен. Бауыржан Байбек елдегі қарапайым азаматтарды да қол қурсырып отырмай, құрылысқа араласуға шақырды. Есесіне ақы алатындарын ескертті.  

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жергілікті азаматтар үйде отырмасын. Жұмыс істесін бірге. Сіздер ақша табыңыздар. Мынау жұмыс қой бәрі қазір, бәрі құйылып жатыр ақша. Жұмыс істеңдер. Жазда жұмыссыз қалмайсыздар. Әрі қарай ойластырамыз. Соны түсіндіріңіздер. Ал мынау жағдай қайталанбайды. Қорғаныс министрі бар, орынбасары бар, көшіреді.

Бауыржан Байбек Алматы қаласына бекітіліп берілген сектордағы тұрғындардың жағдайын білді. Ол партия атқарылар істі қатаң бақылауда ұстайтынын қадап айтты. 

- Партия тарапынан бақылауға аламыз. Партияға сеніңіз. Халықтың партиясы. Бізде басқа партия жоқ халықты біріктіретін...  

Алматылықтар салатын үйдің бірі - Талғат Ибрагимовтің баспанасы. Қазір оның су жаңа үйі жарамсыз күйде.  

Талғат ИБРАГИМОВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Алматы қаласына қарайды бұл жер, Түлкібас Алматы қаласына, сол көмектесіп жатыр. Мешіт жақта продукты әкеп халықтарға бөліп беріп жатыр. Көмек әзірге сол болып тұр. Үйді соғып береміз деп жатыр ғой. Көрген түстей болып отыр ғой бұл жағдайдың бәрі.

Партия төрағасының бірінші орынбасары «Арысқа көмек» акциясы аясында өңірлерден келген гуманитарлық көмек керуенін күтіп алды. Ол Арыста атқарылып жатқан жұмыс бойынша әр өңірдің рейтингісі жасалатынын айтты. Ал атқарылған іс бойынша апта сайын халыққа есеп берілмек.    

  А. Төребекқызы