Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Қазақстандықтар тұтынушылық несиенің 9,5 пайызын тойға алады - Е. Досаев

AstanaTV
04.07.2019ж. 20:00
2866
Қазақстандықтар тұтынушылық несиенің 9,5 пайызын тойға алады - Е. Досаев

Елде әрбір 10-шы адам тұтынушылық кредитті той жасау үшін алған. Мұндай статистиканы Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев келтірді. Бас банкир бұған тойға несие беруге тыйым салынбайды дегенімен, оның саны мен көлемін реттеуге кіріспек. Ал мейрамхана ісінің мамандары қазір той тойлауға несие алмайтындар некен-саяқ екенін айтады.

Малика Ахметжанованың мейрамхана ісімен айналысып жүргеніне 5 жылдан асты. Бұл уақытта қымбат шоу мен талай тойды өткізіп үлгерген. Бірақ көрпесіне қарай көсіліп жатқан жанды көрмепті. Халық банкке қарызданып-қауғаланса да аста-төк дастархан мен ұлан-асыр кештен бас тартпайды деп отыр.  

Малика АХМЕТЖАНОВА, МЕЙРАМХАНА ӘКІМШІСІ:

Адамдар біз өзгеден кем емеспіз. Біздің де хан сарайындай мейрамханада той жасауға қауқарымыз жетеді, дейді. Жақында тойлары болатын бір жұппен сөйлестім. Олар осы үшін 2 млн теңге несие алып жатыр. Бұл ақшаны кейін қалай қайтарады? Белгісіз.

Қазір несие алып той жасау қалыпты жағдайға айналып кетті. Бір күндік салтанат үшін әрбір оныншы адам несие рәсімдейді. Халық тұтынушылық кредиттің 9,5 пайызын тойға алады. Ерболат Досаев отбасылық өмірді қып-қызыл шығыннан бастайтын жұптарды қолдамайды. Ұлттық банк төрағасы бұны халықтың қаржылық сауатсыздығымен байланыстырады. Бұдан былай Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, бұл олқылықтың орнын толтырмақ.   

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:  

Расында халықтың қаржылық сауаттылығына қатысты мәселені шешу мүмкіндігін жіберіп алдық. «Той-кредит» деген форма секілді. Халық өз қажеттілігі үшін алып отырғандықтан, тыйым салынбайды. Бірақ бізге оның көлемі мен санын реттеу қажет.

Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: 

- И ответственность обеих сторон. Того, кто дает, и того, кто берет кредит.

Жауапкершіліктің аздығы тек тойға кредит алатындарда ғана емес. Ипотека, автонесие, кәсіп үшін алынған несиені есептемегенде тек тұтынушылық несие бойынша халық қарызы 4 трлн теңгеге жеткен. Халықтың 27 пайызы банкке берешек.  

Ольга ПЕРЕПЕЧИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:  

Әрбір жұмыс істейтін 10 адамның алтауы тұтынушылық кредит алған. Несие нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін кешенді жұмыс жүргізу қажет. Әсіресе онлайн-несие рәсімдеу, ломбардтар ісіне келген мұқият болған жөн. Дәл осы салалар қазір жүгенсіз кеткен.

Сенатор тұтынушылық несие жүйесінде маңызы мәселе көп екенін айтады. Сондықтан бұл ретте банк жауапкершілігін күшейту қажет деп отыр. 

А. Бектас