Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Мәжіліс төрағасы Үкімет жұмысын қатаң сынға алды

AstanaTV
05.07.2019ж. 20:00
2949
Мәжіліс төрағасы Үкімет жұмысын қатаң сынға алды

Мәжіліс төрағасы Үкімет жұмысын қатаң сынға алды. Нұрлан Нығматулин Парламентке келетін заң жобаларының сапасы төмен деп отыр. Спикер үкімет пен парламент заң шығаруда тиімді жұмыс атқарса да, кемшіліктер шаш етектен деді. Бұл ретте шенеуніктердің бетіне басып, бір заң жобасын мысал ретінде келтірді. Агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелеріне арналған заң жобасына барлығы 537 түзету жасалған. Соның ішінде 210 түзетуді мемлекеттік органдардың өздері мәжілісте енгізген көрінеді. Мәжіліс төрағасы үкіметтік заң жобаларының сапасына мән беру керектігін ескертті.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Үкіметтің заң жобалау жұмысы әлі де жоғары деңгейде емес деп айтуға болады. Мысалы, 2018 жылдың бекітілген жоспарына үкімет өзі 11 рет өзгерістер мен түзетулер енгізді. Ал 2019 жылға арналған осындай жоспар жарты жылдың ішінде 6 рет қайта өзгерген. Сонымен бірге үкіметтен келетін заң жобаларының сапасы әлі де жоғары талапқа сәйкес келмейді. Бұған заң жобалары парламентке келіп түскеннен кейін мемлекеттік органдардың бастамасымен жасалған көптеген түзетулер дәлел бола алады 

Айта кету керек, бүгін Парламент депутаттары каникулға кетті. 4-ші сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 41 және Сенаттың 26 жалпы отырысы өтті. Төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданды. Оның ішінде 82 құжатқа Мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді. Халық қалаулылары 319 депутаттық сауал жолдап үлгерген. 

Н. Біләл