Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қызылжарда тозығы жеткен тұрғын үйдің төбесі опырылып түсті

AstanaTV
05.07.2019ж. 20:00
3089
Қызылжарда тозығы жеткен тұрғын үйдің төбесі опырылып түсті

Қызылжарда тозығы жеткен 2 қабатты үйдің төбесі опырылып түсті. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Өткен ғасырдың орта белінде бой көтерген баспана бүгінде сыр беріп жатыр. Бірақ әлі күнге дейін апаттық деп танылмапты. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тұрғындардың қауіпті үйде қашанға дейін тұратынын анқытауға тырысты. 

- Здесь стоял диван. Тут родители смотрят телевизор. Когда произошло обрушение они были на кухни. Слава богу что они там кушали 

Тасанбаев жанұясы ажалдан аман қалғандарына шүкіршілік етеді. Апаттан шошыған қос қария пәтерін тастап, ағайын-туысына көшіп кеткен екен. Бұл оқиғадан кейін айналадағы тұрғындардың төбе шашы тік тұрды. Жұрт өмірлері үшін алаңдаулы.  

Бахыт ҚАСЫМОВА, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ: 

Үйіміз 2014 жылы мүжіле бастады. Ең алдымен кіреберістің төбесі құлап түсті. Кейін алтыншы пәтердің төбесі опырылды. Қазір әр пәтердің төбесі қисайып, құлағалы тұр. Шамамыз жеткенше өзіміз істеп жатырмыз. Бірақ күрделі жөндеу жасауға шамамыз келмейді.

1951 жылы бой көтерген сегіз пәтерлі тұрғын үйдің қазір әбден тозығы жеткен. Шатыры шұрық-тесікке толған соң, тұрғындар жабындыны өз ақшасына ауыстырыпты. Алайда, баспананы түгел жаңғыртуға қаражат қолбайлау, дейді.  

Елена ПИВНЯК, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:

Біз шатырды үш жыл бұрын жаңарттық. Оның өзінде ағаш тіреуіштерге ақша жеткен жоқ. Темір жабындыны ғана ауыстырдық. Әр пәтер 80 мың теңгеден жиналды. Бірақ жөндеудің шарапаты шамалы. Үйдің төбесі бәрібір құлап жатыр.

Бұқара үйдің жағдайын сараптайтын комиссияның шығынын тарта алмаса керек. Сондықтан сәуір айынан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырып, тұрғын үйдің хәлін саралауды сұрап отыр. Ал билік өкілдері кезектің енді ғана келгенін айтады.  

Айбек БАШЕНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Қазір арнайы компания үйдің жағдайын бағалап жатыр. Баспанадағы қабырғаның, іргетастың жағдайы негізге алынбақ. Комиссия шешімі келесі аптада дайын болады. Егер үй апатты деп танылса, онда тұрғындар арнайы кезекке қойылмақ.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Комиссия аталған тұрғын үйді апатты деп таныса, бұл тұрғындарға бірден басқа жерден пәтер беріледі деген сөз емес. Сегіз пәтердің иесі арнайы кезекке қойылмақ. Бүгінде Қызылжарда 19 апаттық тұрғын үй бар. Оның екеуі сүріліп, орнына мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана бой көтеріп жатыр. Ал қалған хәлі мүшкіл үйлердің қашан жойылатыны әзірге белгісіз.

А. Құрманкин