Бүгін Алматыда митинг өтті. Онда «Біз арандатушылыққа жол бермейміз!» деген адамдар қоғамды шайқалтуға және саяси арандатуларға қарсы сөз қозғады.
Қала орталығындағы саябақта «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған митингке жиналғандар саны 2000-нан асқан. Олардың арасында кәсіпкерлер, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, қарапайым тұрғындар бар.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Тұрақсыздыққа, азаматтық соғысқа, миллиондаған жастардың жұмыссыз қалып, өзге елге барып құл болуға біз ешқашан жол бермейміз.Бәріміз берік болайық, бір бірімізге серік болайық. Қазақ әрқашанда аталық сөзге тоқтаған ел, ұлы сөзге тоқтаған ел. Есті сөзге тоқтаған ел. Осындай есті сөзді, ұлы әңгімені естіген жастар әрқашанда бірлікті, күштілікті қолдайды деген үміттеміз.
Жиналғандар қоғамдық-саяси мәселелерден бөлек, әлеуметтік жағдайды да сөз еткен. Оның ішінде көп балалы аналардың жағдайы мен несие сынды өзекті проблемаларға тоқталған.
Жанарбек ӘШІМЖАН, «АНА ТІЛІ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:
Қоғамда көптеген түйіткілдер бар. Бірақ соның барлығын ел болып, мәдениетті түрде жаңа бір саяси кезеңде, жаңа бір шешімдермен, жаңа өріске көтеру кезеңіне келдік. Қандай жағдайда болсын, биліктің болсын, саяси ұйымдардың негізгі сенімі - халық.