Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Nur Otan» партиясы әлеуметпен жұмысқа күш салуы керек - Бауыржан Байбек

AstanaTV
09.07.2019ж. 20:00
2510
«Nur Otan» партиясы әлеуметпен жұмысқа күш салуы керек - Бауыржан Байбек

Халық сеніміне ие болу үшін бұқарамен байланысқа баса мән беріп, елмен етене жұмыс істеу керек. Бұл ретте партиялық бақылау күшейтілуі тиіс. Жергілікті мәслихаттар өз жұмысын жандандырып, кез-келген деңгейдегі әкімдердің жұмысын қадағалай алғанда ғана халықтың сенімі қайта оралады. Бүгін Орал қаласында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 25-ші конференциясын өткізген Бауыржан Байбек партияластарына осындай тапсырма берді.

Бауыржан Байбек бұл жолғы жиынды бейресми форматта, галстуксыз өткізді. Мұны ашықтықтың көрінісі деп бағалап, саннан сапаға мән беру керектігін ескертті. Яғни партия фракциялары белсенді болуы керек. Бірақ іс жүзіндегі жағдай басқаша - қажет болса кез-келген әкімге қарсылық вотумын жариялай алатын депутаттар әлі де енжар. Ал олар өңірді дамыту бағдарламасын бекітіп, бюджет қаржысының шашауы шықпауын қадағалауы тиіс еді. Бірақ былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция соңғы орындардың бірінде тұр. 

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біздің қолымыздағы деректерге сүйенсек, алғашқы жартыжылдықта партияның Орал қалалық филиалында қала әкімінің орынбасарлары бір де бір қабылдау өткізбеген. Алдағы уақытта партия бұл мәселені қатаң бақылауға алуы тиіс. Егер халықпен кездеспесе, қандай қоғамдық сенім туралы айтуға болады?

Жыл басынан бері оралдықтардан «Nur Otan» партиясына түскен екі мыңдай өтініштің 30% шешімін тауыпты. Дегенмен күрмеуі қиын мәселе аз емес. Бұл ретте ынтымақты нығайтар іргелі іс алдымен бастауыш партия ұйымдарынан басталуы тиіс. 

Серік СҮЛЕЙМЕН, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Партия қатарында 35 288 мүше тіркелген. Олар 273 бастауыш партия ұйымында есепте тұрады. Осы кезеңде партия қатарына 1588 адам партия мүшелігіне қабылданды. Есепті мерзімде партияның қызметін жаңғырту аясында «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған 20 жаңа партиялық жоба іске асырылды.

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс 25-ші конференциясында облыстық филиал төрағалығына облыс әкімі Ғали Есқалиев сайланды. Бауыржан Байбек бұған дейінгі төраға Алтай Көлгіновтің жаңа қызметінде абырой биігінен көрінуге тілектестігін білдірді. Ол жиыннан кейін қаладағы апатты үйлерді аралап, салынуы тиіс жаңа мектеппен танысты. Апатты үйлерінен жаңа мекенге көшетін тұрғындар бұрынғы облыс әкімі Алтай Көлгіновке ризалығын батамен өрнектеді. 

- Бастарыңа амандық берсін, биіктен көріне бер, халықтың азаматы болып жүре беріңдер тек, бәрің де аман болыңдар! Әумин! 

Бұған дейін 350 орындық болған №31-мектеп қайта салынғасын, 800-дей бала білім алмақ. Сонымен қатар осы аумақтағы ескі үйлердің орнынан көпқабатты жаңа тұрғын үй салынады. Бизнеспен күш біріктірген жергілікті билік апатты үйлер мәселесін осылайша шешпек.  

Е. Карин