Негізгі / Жаңалықтар / Таразда жаңа туған сәбиді саудаға салған келіншек ұсталды

Таразда жаңа туған сәбиді саудаға салған келіншек ұсталды

Таразда жаңа туған сәби сатылып кете жаздады. Бір қызығы, оны ұрлаған келіншек жақында ғана сол облыстық перенаталдық орталықта босанып шыққан. Нәресте қаншаға бағаланды? Дәрігерлер қайда қараған? Өңірдегі тілші Данияр Әлімқұлдың бейнематериалында. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:

Бала сатуды бизнес көзіне балаған келіншек осы орталықтың артқы қызметтік есігі арқылы сәбиді сыртқа алып шығады. Бірден 40 қадым жердегі қонақ үйге барып, сәбиді сатып алушыларды күтеді. Оның осы әккі әрекеті медициналық мекеме маңындағы 60 бейнебақылау камерасының 4-уіне түсіп қалады. Айта кетейін, біреудің баласын сатпақ болған келіншек осы орталықта босанып, екі апта жатқан екен.

22 жастағы күдікті келіншек шілде айының 5-сі күні перзентханадан шығарылады. Алайда ол 3 күннен кейін қайта оралып, көрші палатадағы келіншектердің көңілін сұрай келгенін айтады. Осылайша оңай жолмен ішке еніп алған ол шақалақтың анасы мен ақжелеңділердің жақын жерде жоқтығын пайдаланып, жымысқы ойын жүзеге асырады.    

Сәуле ӘЛЖАНОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС АКУШЕРІ:

Баланың анасы обедке кеткен кезде, баланы постта медбике тербетіп жүрген. Сол кезде телефон шырылдайды. Телефонға жауап беруге кеткен кезде, баланы алып шығып кетіп тұр ғой.

4 келі, 48 грамм боп 3-ші шілдеде туылған қыз бала бала бес күннен кейін ақшаға айырбасталып, Алматы асып кете жаздады. Ал осындай олқылыққа жол берген медицина мамандары жұмыстан қуылған.  

Хамит МЫРЗАҚАСЫМ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Салғырт қарады деп айта алмаймыз енді. Бірақ 4 адам жұмыстан босатылды, ал 4 адам қатаң сөгіс алды.

Құзырлы орын қызметтері жедел жұмылып, ұрыны ұстайды. Ол бұған дейін де алаяқтық бабы бойынша істі болған. Бірақ тараптар татуласу арқылы іс жылы жабылған. Қазір күдікті қамауда.  

Жарасқан АҚБЕРДИЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алматыға сатпақ болған. Қылмыс екі сағат ішінде ашылып, бала анасына қайтарылды. Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылының 22 жасар тұрғыны ұсталды. Қылмыстық кодекстің 135-бабы, 2-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Баланы сатқан да, сатып алушы да қылмысы дәлелденсе 10-10 жылдан бас бостандықтарынан айырылады.

Сатылмақ болған сәбидің құны қаншаға бағаланғаны әрі оны сатып алушының кім екені қылмыстық істің құпиялығына қатысты айтылмай отыр. Ал, сәбиі саудаға салынған отбасы камераға көрінуден бас тартты.  

Д. Әлімқұл