Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Алматы әуежайындағы көлік жүргізушілері арнайы форма киеді - аэропорттың баспасөз қызметі

AstanaTV
16.07.2019ж. 20:00
2448
Алматы әуежайындағы көлік жүргізушілері арнайы форма киеді - аэропорттың баспасөз қызметі

Алматы әуежайындағы көлік жүргізушілер енді арнайы форма киюге міндеттелмек. Туристерді алдап, қызметі үшін қыруар ақша сұрайтын таксистермен аэропорт әкімшілігі осылай күреспек. Бұған жақында ғана шетелдік қонақты 33 мың теңгеге тасымалдаған жүргізуші де себеп болып отыр. Ал шетелдік туристерді жиі қабылдайтын хостел иелерімен тілшіміз тілдесіп қайтты.

Шәкір Исламбакиев Алматыдағы хостелдердің бірін басқарады. Шетелдіктерді күн сайын қарсы алатын кәсіпкер таксистерге шағым көп түсетінін айтады. Тіпті бірнеше күн бұрын 22 жастағы британиялық азамат алаяқ таксистің құрығына түсіп, көлік иесіне бақандай 33 мың теңге төлепті.  

Шакир ИСЛАМБАКИЕВ, ХОСТЕЛ БАСШЫСЫ:

Оған ешқандай түбіртек бермеген. Көлік жүргізушісінің айласы да айдан анық. Олар әуежайдан шетелдік азаматтарды көрсе, 1,5 - 2000 теңгеге апарып тастайтындарын айтады. Әрине, құны арзан болған соң, бәрі келісе кетеді. Жоспарланған жерге жетіп қалғанда бұл бағаның әр шақырым үшін болғанын айтады. Алайда, хостелдерді таңдайтын қаражаты аз саяхатшылар да бар ғой.

Хостелге бір жетіде осыған ұқсас 5 шағым түскен. Алматылық таксистердің әрекетін бақылау үшін біз де тәжірибе жүргізіп көрдік. Түсірілім тобына 23 жастағы ОлИвер Девис есімді шетелдік көмектесті. Саяхатшы қалаға тек бірнеше күнге келген. Бұл жолы әдеттегідей әуежайдан орталыққа дейінгі жолды жүргізуші 2 мың теңгеге бағалады.

Кейіпкерімізге кезіккен көлік жүргізушісі жолаушының ақысын жей қоймады. Келіскен бағаға жеткізіп салды. Алайда хостел басшылары алаяқ таксистердің әлі де көп екені айтып отыр. Тіпті тасымалдаушының шетелдікті 70 мың теңге сан соқтырып кеткен кезі де болыпты. Соған қарамастан туристер құқық қорғау органдарына арыз жазбайды. Соңғы 3 жылда мұнда бірде бір шағым түспеген.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Биылғы және былтырғы жылы Алматы полциясына дәл осындай деректермен ешбір адам шағымданған жоқ. Бірақ шағымданған сәтте Қылмыстық кодекстің 190-шы бабы қылмыстық іс қозғалып, сот тауарлық сараптамасы тағайындалады.

Рахат МЕДЫРБЕКОВА, ХОСТЕЛДІҢ ОРТАҚ ИЕЛЕНУШІ:

Олар мұнда небары 3-4 күнге келгендіктен, шағым түсіргісі келмейді. Қаланы көруге келген аз уақытын полицияға барып, арыз жазып өткізуді қаламайды. Көлік жүргізушілеріне қомақты ақшасын қалдырған олар көңіл-күйлері болмай, кейде бөлмелерінен де шықпайды.

Соңғы тіркелген алаяқтықтан кейін, ресми тасымалдаушылар арнайы форма киюге міндеттелмек. Бұдан бөлек, бағаны реттейтін арнайы тариф кестесі жасалыпты. Ал Ұлыбритания азаматын 33 мың теңгеге жеткізіп салған жүргізушіге қатысты Алматы әуежайы тергеуді бастап кетті.

А. Бектас