Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда қоймадағы өртті сөндіру кезінде бірнеше рет жарылыс болды

AstanaTV
18.07.2019ж. 20:00
2756
Алматыда қоймадағы өртті сөндіру кезінде бірнеше рет жарылыс болды

Алматыдағы қойма өртін сөндіру кезінде бірнеше рет жарылыс болды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров осылай деді. Бүгін таңғы сегіздер шамасында Жетісу ауданындағы бояу өнімдері сақталған қоймадан өрт шыққан. Мамандар жалынмен жеті сағат күресіп, әрең сөндірді. Данияр Қайыртай толықтырады.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 8 минутта жеткен. Ол кезде 200 тонна химиялық өнім сақталған қойма жалындап жанып жатыпты. Қою түтінді алғаш болып көрген - осы маңның тұрғындары. «101-ге» хабар берген де солар. 

Әділ МҰРСӘЛІМОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Автобекет бар жанармай құятын, бірінші сол өртенді ме деп ойладық. Одан кейін далаға шыққан кезде өрттің осы жақтан шығып жатқаны белгілі болды. Мына Омаров пен Сельская көшелерінің қиылысында. Енді өрт өршіп, күрделі болып бара жатқаннан кейін осы жердегі тұрғылықты адамдар өрт сөндіру қызметін, жедел жәрдем қызметіне звондап, осы жерге солардың қызметкерлері келді.

Қоймаға жақында ғана 3 вагон лак-бояу өнімі әкелініпті. Сол тез тұтанғыш тауарлар өртті өшіруде қиындық тудырған. Мұны Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров айтты. Алаулаған отты ауыздықтау үшін тікұшақтар тартылды. Тілсіз жау тек 7 сағат өткен соң ғана толығымен сөндірілген. 450 шаршы метрдің күлі көкке ұшқан.  

Серік ӘУБӘКІРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

Өрт сөндіру кезінде бірнеше рет жарылыс болып, от тұтанды. Сондықтан авиацияны жұмылдырдық. Өрттің басқа қоймалар мен жер үйлер тұрған секторға жайылып кетуіне жол бермеуге тырыстық.

Құтқарушылар алапат отпен арпалысып жатқанда өрт сөндіру көлігі апатқа ұшырады. Екі жеңіл машинамен соқтығысқан. Оның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тез таралып кетті. Арнайы техника дабылды қоспай, қарсы жолға шығып кеткен деп жазып жатты. Көлік оқиға орнына асыққан болса керек. Өртті сөндіруге 2 тікұшақтан бөлек 70 шақты қызметкер, 30 техника жұмылдырылған. Авиация 101 текше метр су шашыпты. Қойманың қожасы тілшілердің алдына шыққан жоқ. Қандай да болсын жауап алуға мүмкіндік болмады.  

Д. Қайыртай