Медицинадағы бейберекет тыйылмайынша бақылау күшейе береді. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары сала мамандарының жұмысын сынға алды. Олжас Бектенов медициналық анықтама сататындардың кесірінен қоғамда «бәрі сатылады» деген кереғар пікір қалыптасқанын айтады. Енді Денсаулық сақтау министрлігі жұүмысқа немесе оқуға түсу үшін берілетін 086 формасын алғандарды қайта тексеріп жатыр.
Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл сіздердің саладағы бейберекетсіздік. Әрине, министрліктен де ешкім жауапкершілікті алып тастамайды. Сондықтан бұл мәселені барлығы, әсіресе, аймақтарда қатаң бақылауға аламыз. Проблема ауқымды болмағанымен, соның кесірінен қоғамда теріс пікір қалыптасып үлгерді. Медицинада тәртіп орнатпай, тексеріс күшейе береді.
Соңғы 3 жылда медицинада 500-ге жуық жемқорлық әрекет әшкере болса, 200-ге жуық адам қылмысы үшін жауапкершілікке тартылған. Олардың тең жартысы қазір түрмеде отыр. Соған қарамастан, саладағы сыбайластық тыйылмай тұр. Нұрлыбек Асылбеков жемқорлықтың дендеп жатқанын мамандардың әлеуметтік жағдайының төмендігінен деп отыр.
Нұрлыбек АСЫЛБЕКОВ, ҚР ДСМ ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Төмен жалақы, әлеуметтік-тұрмыстық проблема - медицинадағы жемқорлыққа себеп. Біріншіден, баспана жоқ, ал оны жалдап тұру үшін қызметкерлер аз ақша бермейді.
А.Бектас