$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Солтүстік Қазақстанда "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен тұрғын үй несиесін алғандар мемлекетке 77 миллион теңге қарыз

AstanaTV
18.07.2019ж. 20:00
4434
Солтүстік Қазақстанда "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен тұрғын үй несиесін алғандар мемлекетке 77 миллион теңге қарыз

Солтүстік Қазақстан облысында "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен тұрғын үй несиесін алғандар мемлекетке 77 миллион теңге қарыз. Ауылдарда жұмыс істеп жатқан 600-дей адам борыштарын өтемей жүр. Билік өкілдері бағдарлама талаптарын қайта қарастыру керек деп отыр. Мән-жайды Абзал Құрманкин анықтады.

Азамат Нұрмолдин Бескөл ауылындағы жасөспірімдерді спортқа баулып жүрген мұғалім. Мұнда 6 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен жеңілдетілген ипотека алған. Бірақ баспанасы жөндеуді қажет еткен соң тағы несие алуға мәжбүр болыпты.  

Азамат НҰРМОЛДИН, ЖАС МАМАН: 

Үш миллион теңге ақша алдым. Сол ақшаға үй алып, сол үйді жөндеу үшін просрочкаға шықтым. Үйдің ремонты бітуге жақын, қазір бүкіл просрочканы жаптым. Енді ақшаны уақытында төлеп жатырмын.

Ипотека 15 жылға 0,01 пайызбен беріледі. Ай сайынғы төлем - 20 мың теңге. Бірақ бүгінде 600-дей маман төлем мерзімін өткізіп алған. Тек Қызылжар ауданында 60 адам қарызға белшеден батқан. Мамандар борышкерлердің көбеюі бағдарлама талаптарының тым жеңіл болуынан деп отыр.  

Тимур ЖҰМАТАЕВ, СҚО ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Диплом ауылға бағдарламасы аясында елді-мекендерге білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет пен ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандар тартылады. Бұл мамандар ауылды аймақтарға аса қажет болған соң несие беру кезінде олардың несиелік тарихы мен несиені өтеу қабілетіне мән берілмейді. Бүгінде қарыз көлемі 77 миллион теңгеге жуықтады.

Мемлекеттің демеуіне ие болған бұл азаматтар үш жылға дейін жұмыс орнын ауыстырмауға міндеттеледі. Алайда тек Қызылжар ауданына барған 26 маман қызметін тастап кеткен.  

Айгүл ШӘЙМЕНОВА, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

26 адамның 18-і несиені түгел өтеп, мемлекетке көтермеақыны қайтарған болатын. Ал сегіз адам жұмысын тастап, басқа аймаққа көшіп кеткен. Борышын өтемеген соң, біз оларды сотқа бердік. Қазір бұл мамандармен сот орындаушылары жұмыс істеп жатыр. Бірақ күні бүгінге дейін қарыз әлі өндірілген жоқ.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Жергілікті мамандар "Дипломмен ауылға" бағдарламасындағы несиені беру талаптарын күшейтіп, жоба аясын кеңейткен жөн деп санайды. Себебі ауыл- аймақтарда мұғалім, дәрігермен қатар, мемлекеттік қызметкерлер де тапшы. Жас мамандар үшін мемлекеттік демеусіз ауылдық әкімдікте жұмыс істеу тиімсіз көрінеді.

А. Құрманкин