Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Маңғыстаудың білім басқармасы кәсіпкерге 70 млн теңге қарызын қайтармай отыр

AstanaTV
18.07.2019ж. 20:00
2323
Маңғыстаудың білім басқармасы кәсіпкерге 70 млн теңге қарызын қайтармай отыр

Ақтаулық кәсіпкер Маңғыстаудың білім беру басқармасына тағы шағымданды. Бұл жолы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік нысанды салуға кеткен қомақты қаржыны уақытылы қайтармай отыр. Соның кесірінен кәсіпкерге банк ірі көлемдегі айыппұл салған. Мәселенің мәнісін тілшіміз біліп көрді.

Кәсіпкер Данияр Нұрмақанов былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3 спорт залын салған. Осы нысандарды тұрғызу үшін 360 миллион теңге жұмсаған. Оның тең жартысын банктен несиеге алыпты. Енді кәсіпкер тапсырыс берген Білім беру басқармасына шағымданып отыр. Келісім-шарт бойынша қаражат инвесторға 5 жыл ішінде қайтарылуы тиіс. Алайда алғашқы жылы 72 млн теңге болатын траншты былтырғы жылы 3 ай кешіктіріп қайтарыпты. Оған дейін кәсіпкер несиесінің өсімпұлы көбейіп, банкке 3,5 млн теңге берешек боп қалған. Дегенмен де, биылығы жылы 1 шілдеге дейін кезекті траншты күткенін айтады. Бірақ ақша әлі жоқ. Ал банк алдындағы қарыз болса, 2 аптаның ішінде миллионнан асып кетіпті.  

Данияр НҰРМАҚАНОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Біз бұл бағдарламаға сендік. Бірақ, шын мәнінде бұл сенімімізді ақтамады. Егер мемлекет өзінің міндетін атқара алмаса, мен білмеймін.... Бұл өте қайғылы жағдай.

Қайғылы жағдайдан спорт зал қызметкерлері жұмыстан кете бастаған. Бапкерлер құрамы толығымен жалақыдан қағылыпты. Кәсіпкердің айтуынша, спорт залдың ай сайынғы күтіміне 1 млн 300 мың теңге жұмсалады.  

Данияр НҰРМАҚАНОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:  

Біз өзіміздің компаниялардан гөрі шетелдік компанияларға көбірек сенім артамыз. Өйткені, біздің мемелекет бұндай бағдарламаны жасайды да, өздерінің инвестор алдындағы міндетін орындамайды. Бұл дегеніңіз сұмдық ғой.

Ал Білім беру басқармасындағы мәселе бюджет тапшылығынан туындаған көрінеді. Бірақ қарызды келесі аптада төлейтіндігін хабарлады.   

Нұрлыбек ҚОЙЖАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Барлық проектінің суммасы 360 млн. Біз ол сомманы 5 жылға төлеуге міндеттелгенбіз. Алдыңғы жылы міндетімізге алған төлемнен толықтай құтылдық. Осы жылы 72 млн теңге төлеуіміз керек. Енді бұл сумманы аманшылық болса, айдың аяғына дейін төлеуге міндеттелеміз. 

Кәсіпкерлер нарызылығы бұған дейін де болған еді. Ол кезде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде балабақша салып, күрделі жөндеуден өткізгендер шағымданды. Олардың мәселесі наурыз айынан бері шешілмеген. Білім беру басқармасының мәліметінше, бүгінде кәсіпкерлерге берешегі 380 миллион теңгеге жеткен.  

Ө. Қуанар