Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қажылыққа қарыз алып бару дұрыс емес - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

AstanaTV
18.07.2019ж. 20:00
2497
Қажылыққа қарыз алып бару дұрыс емес - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Қажылыққа қарыз алып немесе көмек сұрап бару дұрыс емес. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, наиб-мүфти Наурызбай Өтпенов мәлімдеді. Қасиетті Құранда «Кімнің жағдайы келсе, сол адам өмірінде бір рет қажылық жасасын» делінген. Яғни кез келген жағдайы бар мұсылманға кемінде бір рет қажылыққа бару - парыз. Дән өкілдері әлеуметтік-қаржылық жағдайы ғана емес, денсаулығы да ескерілуі керек деп отыр. 

Наурызбай ӨТПЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, НАИБ-МҮФТИ:

Қажылыққа бару үшін бір-бірінен қарыз немесе көмек сұрайды. Шариғат мұны қолдамайды. Яғни, жағдайы келген адам ғана қажылыққа баруы керек. Қажылық дегеніміз - құлшылық. Ол барып демалатын орын емес. Болмаса ел көріп келетін жай бір сапар емес. Қажылыққа барып келіп, бір дәрежеге көтерілем дейтіндей мансап та емес. Осыны білген жөн.

Биылғы қажылық маусымы шілденің 30-ынан басталады. Елден 3200 адамға қажылық визасы берілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл санап қажылыққа ниет етушілер саны артып келеді. Соңғы 19 жылда Қазақстан азаматтарына Сауд Арабиясы 57 мыңға жуық қажылық квота бөлген. Бұл жолы да сапарлаушылардың қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы миссия құрылған. Ол 12 адамнан тұрады. Олардың қатарында наиб мүфтидің жетекшілігімен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының 8 өкілі, Дін істері комитетінің өкілі және 3 дәрігер бар. Одан бөлек қазақстандықтардың қажылыққа баруына 18 фирма жауапты. Осы әр компанияға бір діни қызметкер бекітілген.

Н. Біләл