Ақтауда Маңғыстау облысының бұрынғы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты сот басталды. Серік Аманғалиев аса ірі көлемде пара алды деп айыпталып отыр. Шенеунік өткен жылы қарашада 115 мың еуроны алып, Ақтаудың әуежайынан ұшқалы тұрған жерінде ұсталған. Күдікті сотқа дейін уақытша қамау изоляторында отырды. Алғашқы тыңдалымда-ақ айыпталушы мен оның туыстары камераға түсуге қарсылық білдірді. Тергеу мәліметінше, Аманғалиев Ақтаудағы мұз айдынының құрылысынан қолын "майлап" қалмақшы болған. Прокурор шенеунік параны шетелдік құрылыс компаниясына басымдық беру үшін алды деп есептейді. Құны 4 жарым млрд теңгелік жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында іске асыру жоспарланған. Сотта инвестордың Аманғалиевқа 1 миллиард 200 миллион теңгені жоба мемлекеттік сараптамадан өтпей тұрып алдын ала төлеп қойғаны белгілі болды. Отырыста куәгерлер: дене тәрбиесі және спорт басқармасының бұрынғы бастығы, облыс әкімінің орынбасары мен Аманғалиевтің көмекшілерінен де жауап алынды. Айта кетейін, 58 жастағы сотталушы бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ал 2008- 2011 жылдар аралығында Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген.
А.Қуаш