$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Жәйрем тау-кен байыту комбинатының» құрылысын Қазақстан даму банкі қаржыландырады

AstanaTV
20.10.2017ж. 20:00
5315
«Жәйрем тау-кен байыту комбинатының» құрылысын Қазақстан даму банкі қаржыландырады

Қазақстан даму банкі «Жәйрем тау-кен байыту комбинатының» құрылысын қаржыландыратын болды. «Казцинк» серіктестігіне тиесілі кәсіпорынға инвестиция салу индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Тиісті несиелік келісімге тараптар Астанада қол қойды. Несие құны 33 млрд теңгені құрайды. Айта кетейік, Қарағанды облысындағы "Жәйрем" кен байыту комбинатының қуаттылығы жылына 5 млн тонна полиметалл кенін қайта өңдеуге шақталған.

Қазақстан даму банкі 33 млрд теңгені 7 жылға беріп отыр. Ал тау-кен байыту комбинаты құрылысының жалпы құны 424 млн долларды құрайды.  

Болат Жәмішев, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:

Компанияның қаржылық есебіне қарасақ, оларда ақша ағыны тұрақты. Сондықтан өздері де үнемі қаржылай қатысады. Кәсіпорын үлкен көлемде, өз қаражаты есебінен жұмыс істей алады. Біз несиені теңгемен ұсындық, бұл да қарыз алушыларды қызықтырды.

Болат Жәмішевтің айтуынша, екінші деңгейлі банктер өңдеуші кәсіпорындарға ұзақ мерзімді несие беруге аса құлық таныта бермейді. Сондықтан біздің саладағы несиелеріміз елдегі бүкіл банк жүйесінің қатысу көлемінен асып түседі деді төраға. Қазақстан даму банкінің қоржыны 1,5 трлн теңгені құраса, оның 85 пайызы өңдеуші саладағы өнеркәсіптің жобаларын қаржыландырады.

Александр Хмелев, «Қазцинк» ЖШС бас директоры:

Биыл өндіріс көлемі - 150 мың тонна қорғасын, ал келесі жылы 180 мың тонна жоспарлап отырмыз. Бұл рекордты көрсеткіш. Өйткені қорғасын зауытында өндірістің қуаттылығы 165 мың. Мырыш бойынша қуаттылығымыз 295 мың тонна, ал біз 302-305 мың тонна өндіреміз. Биыл 320 мың тонна шығарымз ба деп отырмыз

«Қазцинк» басшылығы «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» іске қосылса, жыл сайын шамамен 130 мың тонна мырыш, 60 мың тоннадай қорғасын және 25 тонна күміс аламыз деп есептеп отыр. Жобаға қажетті қаржының бір бөлігін Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінен алу көзделген. Ал 50 пайыздайын өздері қаржыландырмақ.

Айгүл Әдепбай