Қарызға белшесінен батып, Президенттің сынына ұшыраған «ҚазАгро» холдингіне 77 мыңнан астам шаруа борыш көрінеді. Сондықтан компанияға қатысты қандай да бір шешім шығармас бұрын олардың жағдайы ескерілуі шарт. Ұлттық холдингтің баспасөз қызметі бүгін осындай ақпарат таратты. Елдегі фермерлер де «ҚазАгроның» тағдырына алаңдаулы. Ал экономистер шығыны көп компания жабылуы керек деп есептейді. Данияр Қайыртай толықтырады.
Қызылжардағы «Петерфельд-агро» шаруа қожалығы ашылғанынан бері «ҚазАгро» компаниясымен жұмыс істеп келеді. Қазір олардан алған қарызы 800 млн тг-ден асып жығылған. Сондықтан қаржыландырудың басқа жүйесіне ауысқысы жоқ.
Асқар МӘДИЕВ, «ПЕТЕРФЕЛЬД-АГРО» ЖШС БАСШЫСЫ:
«ҚазАгроҚаржы» болсын, Агронесиелік корпорация болсын несиені төлеу мерзімін белгілер алдында бізбен ақылдасып алады. Он бір жылдың ішінде жұмысты жолға қойдық. Несиені теңге валютасымен алып, теңгемен қайтарамыз. Бұл бізге ыңғайлы. Жетілдірілген жүйенің арқасында қазір ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді. Механизмнің реформалануын шаруалар қолдамайды.
Осы жылдың басындағы есеп бойынша холдингтің жалпы қарызы 400 млрд теңгеге жуықтаған. Халықаралық аудиторлар компанияның шығынға батуын - шет ел валютасында несие алуымен түсіндіреді. Сондықтан теңгенің құнсыздануы мен банктердің дефолтқа тап болуы - акционерлік қоғамның қаржылық ахуалына теріс ықпалын тигізген деп тұжырымдапты, тәуелсіз сарапшылар.
«Холдингтің жаңа топ-менеджменті қаржылық жағдайды тұрақтандыру үшін 3 бағытта жұмыс істемек. Біріншіден, компанияны дамыту моделінің 15 жылға арналған жобасы әзірленді. Екіншіден, еншілес компаниялардың санын 7-ден 3-ге дейін азайтып, штатты қысқарту ұсынылды. Үшіншіден, барлық процестерді автоматтандыру көзделіп отыр»
Экономист Бекнұр Қисықов сан мәрте сыналған квазимемлекеттік ұйым банкротқа ұшырауы да мүмкін дейді. Алайда компания бюджетін ашық ұстаса, тиімділігі артуы ықтимал дегенді де айтты.
Бекнұр ҚИСЫҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
Ол біздің ақшамыз, салық төлеушілердің ақшасы. Не үшін біз оларды ұстаймыз? Оның ішінде қанша адам жұмыс істеп жатыр, эффективность бар ма жоқ па оны білмейміз. Ол ақша қайда барады, бюджеттері қандай? Негізі сондай компанияларға қоғамдық кеңес сияқты қоғамнан азаматтар кіруі керек деп ойлаймын. Өйткені ол ашықтық, транспарентностьқа көмектеседі.
Осыдан тура бір апта бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген мемлекет басшысы копанияны реформалап, оны басқаруға шетелдік мамандарды шақырту қажет деген еді.
Д. Қайыртай