Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ғани Құттымұратовтың әріптестері әділ тергеуді талап етіп отыр

AstanaTV
22.07.2019ж. 20:00
4551
Ғани Құттымұратовтың әріптестері әділ тергеуді талап етіп отыр

Адам ағзаларын заңсыз алды деп айып тағылып, 3 айға жуық уақыт қамауда отырған танымал трансплантолог дәрігер Ғани Құттымұратовтың әріптестері әділ тергеуді талап етіп отыр. Олар еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінен Ғани Құттымұратовты тергеу амалдары аяқталғанша, уақытша босатуды сұрауда. Ал тілшілеріміз дәрігермен қоса шетел азаматы да күдікке ілініп отырғаның анықтады. Нұрсұлтан Біләлдің материалында.

- И сделали если можно так сказать просто козлом отпущение... 

Ашуға булыққан дәрігер күдікке ілінген Ғани Құттымұратовтың әріптесі. Жылдар бойы бір "ота үстелін" бөліскен. Ол әріптесінің қылмыскер екеніне сенбейді. Өйткені, бұған дейін күдікті қызмет еткен Онкология және трансплантология орталығындағы әр-бір операция бірнеше маманның, тіпті басшылардың келісімімен ғана жасалады дейді ол. Ал мұндай келісім орталықпен шетелдік компания арасында болған көрінеді. 

Нұрлыбек ӨСЕРБАЕВ, "МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2017 жылы Израиль компаниясы Құттымұратов бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген ұлттық онкологиялық және трансплантологиялық орталықтың басшылығымен Қазақстанда медициналық туризмді ұйымдастыру үшін тірі донордан бүйрек трансплантациясын жүргізу және осы орталықтың базасында ауыстыруға шетелдік пациенттерді тарту бойынша транспланттау келісімшартын жасайды. Шартта барлық ұйымдастырушылық, заңдық, қаржылық аспектілер көрсетілген. Келісім жасалған сәттен бастап орталыққа шетелдік донорлар да, реципиенттер де түсе бастайды.

Күдікті тар қапаста отырып, әріптестеріне хат жолдаған екен. Онда ол "мені Израильдік компаниямен келісе отырып, шетел азаматтарына заңсыз ота жасады деп айыптауда" деп жазған көрінеді. Ал, елімізге белгілі ақхалаттылар күні кеше баспасөз мәслихатын өткізіп, Құттымұратов тек басшылардың айтқанын орындаушы, ол шетелдік компаниялармен жеке дара келісімге келмеген деп отыр. Тіпті атақты транспантолог Юрий Пя да «тағылған кінә ақылға қонымсыз», - дейді. 

Юрий ПЯ, "ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ КАРДИОХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:  

Енді Құттымұратов бүйректі ауыстырып салу бойынша жеке-дара ауруханаға жатқызуды, ұйымдастыруды және оперативтік араласуды жүргізді деп айыпталуда. Әрине, ол бөлім меңгерушісі ретінде ауруханаға жатқызуға қатысқан, бірақ ол оны ұйымдастыруы, яғни, пациенттермен келісіп, оларды тауып, олардың арасында қандай да бір келісім жасауы мүмкін емес.

Айыпталушының қорғаушысы Құттымұратов 1-ші мамырдан бастап қамауда екенін айтады. Ол соттың санкциясымен 4 айға темір торға тоғытылған. Сондай-ақ, дәрігермен бірге шетел азаматшасы да күдікке ілініп, қолына кісен салынған.  

Алдирза ҚУАНЫШКЕРЕЕВ, Ғ.ҚҰТТЫМҰРАТОВТЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:  

Қазіргі кезде екі адам қамауда отыр. Біреуі Құттымұратов врач, біреуі Қырғызстан Республикасының азаматшасы осы істе переводчик болып қатысқан. Басқа адам ұсталған жоқ. Енді аудармашы сол келген адамдар олар орыс тілін қазақ тілін білмейді ғой. Басқа елдің азаматы болғаннан кейін сол кісілердің арасында аудармашы болып қызмет жасаған.

Қылмыстық кодекстің қос бабы бойынша күдікке ілінген дәрігер ісін Ішкі Істер Министрлігінің тергеу комитеті жүргізуде. Тіпті мемлекетаралық тергеу тобы да құрылған.  

Нұрділда ОРАЗ, ҚР ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ-БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Адамдардың органдарын болмаса терілерін заңсыз саудалау, болмаса соған мәжбірлеу және де трансұлттық топқа қатысу арқылы қылмыс жасау. Тергеу амалдары жалғасатын болады. Тергеу амалдарын іске асыру үшін өзара яғни мемлекетаралық, ведомстволық тергеу тобы құрылып отыр.

Қазақстанда трансплантация жасау өзге елдермен салыстырғанда арзанырақ. Мысалы, Еуропа елдерінде бүйрек трансплантациясы 80 мың доллардан 150 мың долларға дейін жетеді. Ал шетелдік азаматқа мұндай операцияны Қазақстанда жасату үшін 7-8 мың доллар көлемінде қаржы қажет екен.       

Нұрсұлтан БІЛӘЛ, ТІЛШІ:  

Ғани Құттымұратов - медицина ғылымдарының PhD докторы, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. Бірнеше жылдар бойы денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас трансплантологы болған. Жоғары санаттағы дәрігердің тағдыры енді тергеу амалдары толық аяқталғаннан соң белгілі болады.

Н. Біләл