$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Табиғат инспекторларына шабуыл жасау дерегі бойынша күдікті ұсталды

AstanaTV
24.07.2019ж. 20:00
2328
Табиғат инспекторларына шабуыл жасау дерегі бойынша күдікті ұсталды

Ақмола облысында табиғат инспекторларына оқ жаудырып, бірін өлтірген күдікті ұсталды. Арқалық қаласының тұрғыны енді тергеліп жатыр. Полицейлер қылмыскерлерді іздеп-табу үшін, үш облыстың автожолдарын бөгеп, тікұшақтарды да жұмылдырған еді. Ал ажалдан аман қалған қорықшыға Көкшетаулық дәрігерлер бүгін ота жасады. Данияр Қайыртай толықтырады. 

Мойнына адам қанын жүктеген браконьерлерді құрықтау үшін кеше Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының сақшылары түгел жұмылды. Көп ұзамай Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс орнынан 20 шақырымдай жерден «Нива» көлігі табылды.

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде.

Ал ауруханаға жетпей көз жұмған Қаныш Нұртазиновтың денесі бүгін туған жеріне жеткізілді. Жұма күні жерленеді. Жарақат алған екінші инспектордың жағдайы облыстық дәрігерлердің бақылауында.

Дмитрий ЧАЙКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯ БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгін пациентке операция жасап, оқты алып шықтық. Қазір жағдайы орташа. Жансақтау бөлімінде жатыр.

Ішкі істер министрлігінің ақпарынша, жыл басталғалы киіктерді заңсыз аулау дерегі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалыпты. 32 адам қамауға алынып, ақбөкеннің 634 мүйізі тәркіленген. Мемлекетке 1,3 млрд тг көлемінде шығын келтірілді. Аңшылардың республикалық қауымдастығының басшысы Қайырбек Мұсабаев браконьерлер қатаң жазаланбайынша, мүйіз үшін қиіктің қырылғаны қырылған деп отыр.

Қайырбек МҰСАБАЕВ,«ҚАНСОНАР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Мысалы, Қырғызстан мен Өзбекстанда заңбұзушылықтарды анықтағанына қарай сыйақы төленеді. Бұл оларды жұмыс істеуге жігерлендіреді. Сонда инспекторлар браконьерден пара алуға емес, қалтқысыз еңбегімен жақсы ақша таба алады. Мұндай жүйе бұрын кеңес кезінде де болған.

Қарағанды облысында киікке араша түсіп, Ерлан Нұрғалиев ажал құшқан бетте, жұртшылық қатты дүрлігіп, табиғат инспекторларының мәртебесі талай мінберлерде көтерліген еді. Содан бері жарты жыл өтті.

Роман КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Соңғы жылдары браконьерлік бойынша қозғалған қылмыстық істер көп болса да, олардың басым бөлігі не тоқтатылады, не негізсіз созылып кетеді. Ал соттар барынша жеңіл жаза кесіп келеді. Бас прокуратура тергеп-тексеру жұмыстарын қадағалауы керек. Ал Ішкі істер министрлігіне бұған дейін қозғалған барлық істерді талдауды ұсынамыз. Сосын қылмыс жасалған қару мен автокөлік тәркіленуі керек. Облыстық және аумақтық инспекциялар тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс.

Қорықшылар мәртебесін құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен теңестіру, оларға заманауи қару-жарақ беру және браконьерлерді қатаң түрде жазалау туралы ұсыныстарды мәжіліс мақұлдады. Құжат қазір Сенатта жатыр.

Д. Қайыртай