Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

72 жастағы желаяқ әженің алдынан алып аю шыққан

AstanaTV
25.07.2019ж. 20:00
3365
72 жастағы желаяқ әженің алдынан алып аю шыққан

Қауқарыңыз кетпесе, қарттық шекара емес. Елордада 109 марафонға қатысып, бірде-бір рет дистанциядан шығып көрмеген желаяқ әжей тұрады. 72 жастағы Үммігүлсін Мұсылманова 7 жылдан бері елдегі қала берді халықаралық марафондарға жібермей қатысады. Спортты жаны сүйетін астаналық тұрғынмен Ақерке Бектас тілдесіп қайтты. 

- Тұр да, жүгір деймін қайсысына болса да! Ерінбеңдер, жалқау болмаңдар деймін! Мәселе жүгіріп өткеніңде емес, өзіңді-өзің жеңуің керек.

Талай жасты да, кәсіпқой спортшыны да шаң қаптырып кеткен желаяқ әжей «алдымен өзіңді жең», дейді. Тірнектеп жиған тәжірибесін бір сәтке де сарп еткісі келмейді. 22 жыл бұрын зейнетке шыққанымен, «егде тарттым» деген қартты көрмедік.  

- 72-ге келсеңіз де әлі тың, ширақ болуыңыздың сыры неде?

- Оның ешқандай сыры жоқ. Өзіңді-өзің күту керек. Дене шынықтыру керек. Ерінбеу керек.

Үммігүлсін Мұсылманова үшін өмір - қозғалыс. Таңмен таласа оянатын әжей бір күнін де жаттығусыз өткізбейді. Жақында ауқымды марафонға қатысып, жеңіске жетуді көздеп отыр.  

- Бір емес 4 тәулікке жалғасқан ультрамарафонға қатысып, 160 шақырымды артқа тастапсыз! Осыншама қашықтықты еңсеру қолыңыздан қалай келді?  

- Қандай жарыс болса да, міндетті түрде дайындық керек. Күш қайрат керек. Дұрыс тамақтану керек. Ас - адамның арқауы,-дейді.

- Былтыр 35-ші қабатқа 9 минут ішінде жүгіріп шықтыңыз. 400-ге жуық адам қатысқан жарыста екі жігіттен кейін үшінші болып мәреге қалай жеттіңіз?

- Үшінші стартқа тұрдым. Екі жігіттен қалмауға тырыстым. Онша беріліп жүгіргенім жоқ, «Астана марафоны» алдында дайындық болсын деп жүгіре салдым. 700 саты. Биыл соны 7 минутта жүгіремін бе деп отырмын.

Талай тау арасын, алыс-жақын жолдарды жүгіріп өтіп, марафоншының көрмеген жыртқышы жоқ. Кезекті жарысты бастап кеткенде алдынан қорбаңдап аю да шыққан. Бірақ Алтайдың қызы алып жануардан еш сескенбепті.   

Үммігүлсін МҰСЫЛМАНОВА, МАРАФОНШЫ:  

Үммігүлсін алға болмайды, тек артқа қайтасыздар, дейді. Аюдан кім қорқады айналайын-ау? Алтайда өскенбіз. Бірнеше аюларды да көрдік. Бір жағынан біз таңқурай теріп жүрсек, екінші жағында аюлар жүретін. Буы бұрқырап жатқан жапа көреміз. Содан кейін амал жоқ артқа қайттық.

Желаяқ әжейдің жеткен жетістіктері аз емес. Ресей асып, талай медаль мен сыйақыны қанжығасына байлап қайтқан. Сенесіз бе, енді Америкада өтетін 6 күндік марафоннан сүрінбей жүгіріп өтсем, дейді.  

А. Бектас