Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақтөбеде балабақша терезесінен 3 жасар бүлдіршін құлап түсті

AstanaTV
26.07.2019ж. 20:00
3250
Ақтөбеде балабақша терезесінен 3 жасар бүлдіршін құлап түсті

Ақтөбеде 3 жасар бүлдіршін балабақшаның екінші қабатындағы терезеден құлап кетті. Қазір ол ауруханада жатыр. Ал бақшадағылар қауіпсіздік мәселесін енді ғана қолға алған секілді. Тілші толықтырады. 

Жаңадан ашылған балабақшадағы оқыс жағдай осыдан екі күн бұрын болған. Түс қайта барлық балалар ұйықтап жатқанда, біреуі терезеге шығып алып, абайсызда құлап кетеді. Бас-көз бола алмаған тәрбиеші бірден жазаға тартылды дейді мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі.

Айнагүл ЖҰМАҒҰЛОВА, «НҰР ЗЕРЕК» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ол түсініктеме жазды. Біз акт толтырдық. Балабақша қызметкерін нұсқаулықпен таныстырдық.

Жазатайым жарақат алған баланы мекеменің өзі жедел-жәрдем станциясына апарады. Ондағылар балаларға арналған облыстық ауруханаға жеткізген. 

Сағидолла ДОСМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қосарлас жарақат, ми шайқалу диагнозымен түсті. Жіліншік сүйегі сынған. Бірден медициналық көмек көрсеттік. Дәрігерлер қарап, компьютерлік томография жасадық. Қазір ол травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша ашылған жаңа балабақшаға Захар мен оның бауыры мамыр айынан бері баратын. Оқыс жағдайдан кейін ата-анасы екеуінің де құжатын алып кетіпті.  

Гаухар ШИБАЕВА, АНАСЫ: 

Барлық балабақшалар қауіпсіздікке мән берсе екен. Терезелерге арнайы қорғаныш жабдықтарын немесе тор орнату керек. Мен бұл мекемеге өзім бірнеше рет ескерткем. Себебі балаларым өте белсенді.

Балабақша әкімшілігі қауіпсіздік мәселесін енді ғана қолға алып жатыр. Мұндай оқиға Ақтөбеде шілде айының басында да болған. Онда 2 жасар бала тұрғын үйдің 8-қабатынан құлап, қаза тапқан еді. 

Д. Қайыртай