Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан қазақстандықтардың жеке ақпараттарына қол сұғылмайды, - ҰҚК

AstanaTV
26.07.2019ж. 20:00
2762
Қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан қазақстандықтардың жеке ақпараттарына қол сұғылмайды, - ҰҚК

Қауіпсіздік сертификатын орнатқан қазақстандықтардың жеке мәліметтеріне қол сұғылмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер құпиялылықты сақтауға уәде беріп отыр. Ал сертификатты қоспағандарда интернетпен болған проблемалар жақында шешіледі дейді. Себебі бұл жаңа жүйе апробациядан өтіп жатыр. Ал интернет бұғатын айналып өтуге арналған VPN мобильді қосымшаларын қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін де пайдалана беруге болады. Бірақ қандай да бір сайт заңға қайшы ақпарат таратса, оған комитет VPN арқылы өтуге де шектеу қойып тастай алады. 

Зекен ИСМАИЛОВ, ҰҚК МЕМЛЕКЕТТІК ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сіздердің хаттарыңызды, сайттарға кіру тарихтарыңызды, әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызды, құпия сөздеріңізді ешкім сақтамайды және сақтау жоспарымызда да жоқ. Заңғы қайшы контенттердің тізімі бар. Ол құзырлы органдардың, соттың шешімімен белгіленген. Трафиктерді жағдай ИГИЛ-ге, суицидке, «Көк кит» сияқты дүниелерге қатысты болғанда ғана ашамыз. Бұл біріншіден, бізге, біздің балаларымыздың қауіпсіздігі үшін керек. Логиндер мен парольдерді жинамаймыз. 

Министр Асқар Жұмағалиев те сертфикат мәлімет жинаушы емес, фильтр ғана деді. Оны орнату немесе орнатпау әркімнің дербес құқығы. Өзі қауіпті ақпараттан «Qaznet Trust Network» арқылы қорғанып үлгеріпті. Ал астаналық және алматылық бір топ заңгер ұялы байланыс операторларын сотқа беріп беріп жатыр. Себебі олардың ұялы телефонға «қауіпсіздік сертификатын орнатуыңыз» керек деген талап негізіндегі «смс-тері» құқықты шектеу деп есептейді, олар. Сот арыздарды қабылдаған. 

Әнуар СҚАҚОВ, НҰР-СҰЛТАН Қ. ЗАҢДЫҚ КЕҢЕС БЕРУ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Kcell операторына біз екі күн бұрын арыз бердік. Өтінішіміз тіркелді. Әзірге басқа жауап жоқ. Алматыдағы әріптестеріміз Билайн-ның үстінен жазды. Сот істі бастауға дайын. Біздің қалауымыз - операторлар сертификатты орнатуды талап етуді тоқтатуы керек. Байланысты туралы заңда байланыс операторлары сертификат арқылы интернет трафикке жол ашуға тиіс деп жазылған. Бірақ азаматтарды міндеттеу туралы айтылмаған. 

А. Сейфулла