Негізгі / Жаңалықтар / ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ КЕШІРІМ СҰРАДЫ

ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ КЕШІРІМ СҰРАДЫ

"Қазақстан темір жолының" басшылығы пойыздағы зорлау оқиғасы үшін кешірім сұрады. Ұлттық компания төрағасының орынбасары мұндай жағдай қайталанбайды деп отыр. Ал сотталған екі жолсеріктен бөлек, салаға жауапты мамандар да жұмыстан қуылып, сөгіс алған. Осы оқиғадан соң әйелдер купесі бола ма? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі жиналыста билет тапшылығы мен билетсіз мінетін "қояндар" проблемасы қалай шешілетіні де білгілі болды.

Екі жолсеріктің әрекеті қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директорының орынбасары сөгіс алды. Ақтөбедегі филиал бастығы да жұмыстан кеткен. Ұлттық компания жетекшілері мұндай жағдай енді қайталанбайды деп отыр.

Қанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біз үшін бұл - өте үлкен соққы, күйзелісті жағдай. Компанияда жұмысын адал атқарып жатқан он мыңдаған қызметкер бар. Сол үшін бізге абырой қымбат. Теміржолшылар да ата-ана. Бәрі де пойызбен жүреді. Сондықтан бұл мүлдем жол беруге болмайтын әрекет. Енді қайталанбайды деп үміттенеміз.

Ол үшін ҚТЖ жолсеріктерді іріктеуде талапты күшейтпек. Мінез-құлқына мән беріледі. Бірнеше қалада жұмысқа өтініш қалдырғандарды алдымен портал арқылы тесттен өткізу қолға алынған. Аттестациялық комиссия емтиханның арнайы әдістемелік жүйесін дайындап жатқан көрінеді.  

Қанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біз сұрақтарды «методикалық» сияқты шығарып, дайындап жатырмыз. Солай өткізсек, онда ақшамен тұрғызу немесе білмейтін, осы жұмысты істей алмайтын адамдардың қызметке келуі дегендер болмайтын шығар.

Ал жеке дара әйелдер купесін бөлуге вагон жетіспейтін көрінеді. Оның үстіне вагондар өте қымбат. Ал әйелдер отырған купеге ер адам билет ала алмаса, жартылай бос бару тіптен тиімсіз. Дегенмен мәселе көлік комитетінде қаралып жатыр.  

Cамат ҒЫЛЫМОВ, ҚР ИИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Дамыған елдерде, ислам мемлекеттерінде мұндай тәжірибе бар. Біз қазір сол тәжірибені зерттеп, өз ұсынысымызды береміз.  

Ал жазды күндері билетті күрт қымбаттатып жіберетін алып-сатарларға жаза күшеймек. Көлік прокуратурасы спекулянттардың жолын кесетін «Мобиус» жүйесі де пайдасын тигізбей тұрғанын айтып, фактілерді алға тартты.  

Жасұлан ЕЛАМАНОВ, ҚР БАС КӨЛІК ПРОКУРОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Біз бір күннің өзінде Шымкент вокзалынан алты алып-сатарды ұстадық. Әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Алматыдан да ұсталды. Осылайша спекулянттар «мобиус» жүйесін айналып өтуде.

Жаппай сатып алуды шектейтін жүйе 1 шілдеде жұмысын бастаған. Қулығына құрық бойламайтын алыпсатарлар ол іске қосылмай тұрып, 15 тамызға дейінгі билеттерді алып үлгерген. Сондықтан ұлттық компания басшылығы одан кейін билет тапшылығы болмайды деп отыр.  

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:  

Ал пойызға заңсыз "қоян" болып секіретіндердің жолын кесу үшін енді перронға билетсіз азаматтарды өткізбейтін болды. Шектеуді пилоттық режим ретінде биыл Елорда мен Қарағанды вокзалдарында енгізіледі. 2000 жылдары да шығарып салушыларды перронға жібермейтін ереже болған. Жұрт қарсылық танытқан соң кейін бас тартуға тура келіпті.

А. Сейфулла