Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жамбыл облысының тұрғыны ауласында Африка құстары мен балығын асырайды

AstanaTV
31.07.2019ж. 20:00
3783
Жамбыл облысының тұрғыны ауласында Африка құстары мен балығын асырайды

Жамбыл облысының тұрғыны Нұрғиса Қуанышбаев африкалық түйеқұстарды асырап отыр. Ол облыста бірінші болып Қарақұрлықтың құстарын қолға үйреткен адам саналды. Сонымен қатар, үйінде әлемдегі ең әдемі құс тауыс та бар. Ол аз десеңіз, Африканың алып балықтарының бірі жайынды да өсіреді. Ауыл тұрғынының зообаққа айналған үйінде болып қайтқан Данияр Әлімқұлдың бейнематериалы.

Шайқорық ауылында тұратын ағайынды Нұрғиса мен Нұрбол Қуанышбаевтардың ауласына кірсеңіз Африка саванналарында жүргендей сезінесіз. Өйткені, есік алдында бойы екі метрлік түйеқұстарды көріп таңырқадық. Олар былтыр өзге материктің тауықтәрізділерін 3 айлығында Алматы арқылы Африкадан алдырған. Ағайынды қос жігіт мұндай алып құстарды ауыл тұрмақ, аймақ бойынша алғаш асыраушылар саналады.  

Нұрғиса ҚУАНЫШБАЕВ, ШАЙҚОРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Көп адам асырамайды мұны. Аз ғой Қазақстанда асырайтындар. Осыны алып көрсек па деген мақсатта асырап жатырмыз. Күніне 10-15 келі тамақ тұтынады. Сол сиырдың жем-шөбін жеп қояды. Бірақ, сиырдың етіне қарағанда еті қымбат болады, алматыда келісі 7-8 мың теңге. 3-4 жылда 150 кг ет береді. 3 жылда кейін бастамасы 10-15 жұмыртқадан беріп бастайды, жыл сайын көбейте береді.

Бүгінде 70 келіге жеткен алып құстар аса бір қамқорлықты қажет етпейді. Аумағы шағын, ашық алаңқайда жүре береді. Күн көзі күрт суыса да тез тоңа қоймайды. Бір қызығы бұлардың еркек-ұрғашысын ажырату мүмкін емес. Оны білу үшін тағы 1 жыл керек көрінеді. Нұрғиса мен Нұрбол жері бөлек, жегені басқа қарақұрлықтың құстарымен қоса әлемдегі ең әдемі құс Үндістан тауысын да асырайды.  

Нұрбол ҚУАНЫШБАЕВ, ШАЙҚОРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Енді бұл біздің арманымыз болғандықтан арманымызға жетіп отырмыз. Хоббиіміз десек те болады. Бұл құстармен біз пайда көруді мақсат тұтпаймыз. Келешекте Үкіметтен көмек боп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Басқа да құстар алып келсек деп отырмыз.

Қуанышбаевтардың қолдан жасалған бассейндерінде Африканың жайындары да бар. Көпшілік тек көгілдір экраннан ғана көретін жайындардың ұзын-саны 70-тен асады. Қазір салмағы 2 келі болатын аналық жайындар тоғанға жіберілген. Олар кейін 20-30 келіге бармақ. Бұл балықтардың бір ерекшелігі - жылы суды жақсы көреді. Біз бұл балықты асыраудың болашағы бар-жоғын білу үшін аумақтық испекция мамандарына бардық.   

Дәурен ТАСТАНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:  

Бұл кісілердің қазіргі балық асырауы бізді таң қалдырып отыр. Өйткені, бұл облысымыздағы алғашқы африкалық жайын. Бұл балықтың негізгі өсу оралымы өте мықты. Біріншіден салмағы тез көбейеді. 4-5 келілік балыққа жету үшін бір жыл уақыттың ішінде тез үлгереді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ: Африкалық құстарды ауласында асырап отырған азамат бұл ісіне қызығушылықпен қарайды. Елде жоқ ерекше жануарлар мен балықтарды асырау бала кезінен арманына айналған екен. Ал, болашақта ауласын ауқымды зообаққа айналдырғысы келеді.  

Д. Әлімқұл