Бұл жолғы Сирия келіссөзі "Астана процесі" тарихындағы ең тиімді әрі объективті болды. Сирия үкіметінің өкілі Башар Джафари осындай мәлімедеме жасады. Себебі тараптар Идлиб провинициясындағы шиеленісті тоқтатуға келіскен. Елордада өткен Сирия процесінің 13-ші раундын Данияр Қайыртай бақылады.
Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Шиеленіскен тараптардың басын бір алаңда қоса алып отырған Астана форматы аяқталды. Бұл жолы халықаралық келіссөзге алғаш рет Ирак пен Ливан бақылаушы ретінде келді. Кеше ақпарат құралдарының қатысуынсыз жеке-жеке кездесулер өткен. Ал бүгін соның қорытындысы бойынша мәлімдеме жасалды. Сонымен, Идлибтегі қарулы қақтығыстар тоқтатылатын болды. Лаңкестік ұйымдармен күрес жалағаса бермек. Сирияның Конституциялық комитетін құру бойынша жұмыстар тиянақталып, оның алғашқы отырысы қыркүйекте өтіп қалуы мүмкін екендігі айтылды. Ал ресми Дамаск ұсынылған идеялар нақты іске ұласуы керек деп отыр. «Мұны, әсіресе Түркия тарапы ескерсін» деп Башар Джафари анықтап айтты.
Башар ДЖАФАРИ, СИРИЯ ҮКІМЕТІ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұған дейінгі Астана форматындағы келіссөздерді және Сочиде өткен Ресей мен Түркия президенттері қабылдаған резолюцияны Түркияның өзі орындамай отыр. Қазірдің өзінде Сирия аумағында Түркияның 10 мыңнан астам әскери қызметкері жүр. 166 танк пен оқ өтпейтін техника, 18 зымыран, 123 пулемет пен 41 зымыранға арналған база бар. Осылайша олар біздің егемендігімізге қол сұғып отыр. Сирияның 3 қаласына өз адамдарын басшы ретінде тағайындап, халыққа азаматтық беріп жатыр. Мектептерді түрік тілінде оқытуға көшіріп жатыр.
Ал қарулы оппозиция өкілдері болса Түркияны бейбіт халықтың қамқорышысы деп отыр. 4 млн сириялық сол елді паналап отырғанын айтады. «Біздің басты мақсат - атыс-шабысты тоқтату» деді Ахмад әл-Тоума. Идлиб халқы азап шекпеуі керек, әлеуметтік нысандарға зақым келмеуі тиіс, ал тұтқындалғандар босатылуы қажет. Қысқаша қайырғанда оппозицияның талабы - осы.
Ахмад ӘЛ-ТОУМА, СИРИЯНЫҢ ҚАРУЛЫ ОППОЗИЦИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Саяси режим 26 базарды, 24 мешіт пен аурухананы қиратты. Бейбіт халықты қыруын доғарар емес. Біріккен ұлттар ұйымы тездетіп Сирияның конституциялық комитетін құруы қажет. Мәселелер сонда шешілетініне сенеміз. Біз осы алаңды пайдалана отырып, Сирияда азаматтық- демократиялық мемлекет құрғымыз келетінін жариялаймыз.
Келіссөздерге кепіл-мемлекеттің бірі саналатын Ресей тарапы «Сириядағы соғыс аяқталды» деп сенімді түрде айта салды. Тек түрлі аудандарда контртеррорлық операциялар ғана жүріп жатыр деді Александр Лаврентьев. Сондай-ақ, ол әлем елдерін Сирияның қираған қалаларын қалпына келтіріп, халыққа оңтайлы жағдай туғызуға атсалысуға шақырды.
Александр ЛАВРЕНТЬЕВ, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ СИРИЯ БОЙНЫША АРНАЙЫ УӘКІЛІ:
Егер елдімекендер қалпына келтірілсе, босқындар Сирияға қайтады. Ай сайын 2 мыңға тарта адам еліне оралып жатыр. Бір қызығы, қасиетті Рамазан айынан кейін Дамаскіге Ливанда тіркелген 450 мың сириялық қайтыпты. Айт мейрамынан кейін олар кері Ливанға кеткен. Себебі онда олар жәрдемақы алады.
Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:
Халықаралық кездесудің қорытындысында осындай форматтағы келесі раунд алдағы қазан айында өтетіні де белгілі болды. Алайда нақты датасы айтылмады. Сондай-ақ, Ресей, Түркия және Иран үштігінің президенттері қыркүйектің ортасында Анкарада бас қосатыны жарияланды.
Д. Қайыртай