$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Құрбан айтқа дайындық

AstanaTV
07.08.2019ж. 20:00
6636
Құрбан айтқа дайындық

Биыл қасиетті Құрбан айт мейрамы жексенбіге тұспа-тұс келеді. Елдегі мұсылман жамағаты ұлық мейрамға дайындықты бастап кетті. Ал әкімдіктер мен діни басқарма мал соятын орындарды белгілеп, қасапшыларға семинар-тренинг өткізіп үлгерді. Мал мен ет бағасын да бақылауға алған. Данияр Қайыртай толықтырады. 

Ораза айттан тура 70 күн өткен соң тағы бір айт келеді. Ол қажылық сапарының аяқталуына арналған - «Құрбан айт» мейрамы. Биыл оның бірінші күніжексенбіге сәйкес келіп тұрғандықтан, демалыс берілмейді. Астана жұрты мейрамды қалай тойлатындарымен бөлісті:

-Мұсылманша... Бауырсақ пісіреміз, айтшылаймыз.

-Күні бұрын ішек деген болатын қазақ салтында. Өлгендерімізге, әке-шешелерімізге, марқұм болған аға-бауырларымызға дұға жасатамыз бір күн бұрын. Әр жерде әр түрлі ғой енді заң.

-Халқымыз аман болсын, іргеміз берік болсын! Амандықпен Құрбан айтты көре берейік.

Діни мейрамның мәнісі сол - Айт намазы оқылған соң қалтасы көтеретіндер құрбандық шалып, етті кедей-кепшікке таратады. Мұндайда мұқтаж жандар бір жасап қалады. Қазір елордада мал соятын 7 орын белгіленген. Басым көпшілігі «Байқоңыр» ауданында. Ал қалған үш ауданда бір-бірден. 

Әшім ХАЙРУЛЛИН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Егілген малдардың, ауру малдардың сойылмайтынын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан біздің оңтүстік өңірлерден кейбір ауыл шаруашылық жануарларына тиісті егу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан ол жақтан біздің астана қаласына енгізуге жол жоқ.

Ал қасапшылар арнайы оқытудан өтті. Оларға шариғат заңы бойынша мал сою талаптары мен санитарлық ережелер түсіндірілді. Әкімдік қызметкерлері мал базарлары мен кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеуді де ескертіпті. 

Наурызбай ӨТПЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бір ірі қара мал қазір бізге ұсынып жатқан базардың әкімшілігінің, 315 мың теңге құрап тұр. Бір адамға 45 мың теңгеден шығады, 7 адамға. Оның ішіне барлығы кіреді, сойып береді, бөліп береді, бәрін дайындап береді. Содан кейін жетіге бөлінеді ол ет.

Әдетте осындай мейрам қарсаңында ет те қымбаттап кетеді дейді біз сұрау салған тұрғындар. Бірақ саудагерлер бағаның өсуі - айтқа байланысты емес деп отыр.  

Қарлығаш ИБРАЕВА, КӘСІПКЕР: 

Ет аз болып жатыр. Ауа райы сосын ыстық болып жатыр. Қазір көбісі соя алмай отыр ыстық болған соң. Алыс жерден әкелуге қорқады, ет бұзылып кетеді деп. Сондықтан 15-20 процентке қымбаттады ғой.

Биыл Құрбан айт тамыздың 11 мен 13 күндері аралығында тойланады. Бірінші күні таңғы 7-де елдің барлық мешіттерінде Айт намазы оқылады.  

Д. Қайыртай