$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Халықтың 30 млрд теңгеден асатын несиелік айыппұл мен өсімпұлдар кешірілді

AstanaTV
08.08.2019ж. 20:00
5011
Халықтың 30 млрд теңгеден асатын несиелік айыппұл мен өсімпұлдар кешірілді

Елде кепілсіз тұтынушылық несие алған азаматтардың айыппұл мен өсімпұлдары толық кешірілді. Бұл туралы Ұлттық банк департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев айтты. Ал әлеуметтік аз қамтылғандардың негізгі несиесінен 300 мың теңге осы айдың соңына дейін өтеп беріледі. Айта кетейік, халықтың кредиттік айыппұл мен өсімпұлы 30 млрд теңгеден асқан. Оның 30%-ын Ұлттық банк жапты. Қалғаны екінші деңгейлі банктер есебінен кешірілді.

Асқар НИЯЗОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бізден 1 942 мыңнан астам азаматтың тізімі берілді. 447 мың азамат осы алты әлеуметтік осал топтардың ішіне кіреді. Олардың тізімі Ұлтық банкке жолданды. Ал Ұлттық банк тарапынан енді екінші деңгейлі банктермен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Бұдан бөлек, алда 90 күннен асып кеткен кепілсіз қарызға айыппұл мен өсімақы салуға заң жүзінде тыйым салынбақ. Яғни банктік қызмет туралы заңға түзетулер енгізіледі. Ұлттық банк оны қыркүйекте Парламенттің қарауына беретін болды. 

Дәурен СӘЛІМБАЕВ, ҰЛТТЫҚ БАНК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Банк қауымдастығымен қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеуді өзгерту мәселелерін талқылап жатырмыз. Қарыз жүктемесін шектейтін механизмді қайта қараймыз. Бұрын төлем табыстың 50% асып кетсе, адамға несие берілмейтін. Енді оны өзгертеміз. Ол кезде ең төменгі күркөріс деңгейін есептегенде, әр балаға да бұдан қажетті сома анықталады. 

А. Бектас