Кеше астанада аштық жариялаған көпір құрылысшыларына жалақыларының жартысы төленді. Жұмысшылардың еңбегін жеген компания басшылығы берешектің қалған бөлігін жақын күндері шоттарына аудармақ. Ал Мемлекеттік еңбек инспекциясы ұжымдық арыздың негізінде серіктестіктің Қапшағай қаласындағы бас кеңсесінде жоспардан тыс тексеруді бастады. Халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалының арасын жалғайтын автомобиль көпірінің құрылысы биыл жазда тоқтап қалған. Себебі жұмысшы жоқ. Олар бірнеше ай бойы жалақысы түспеген соң, нысанды тастап кеткен болатын. Ал кеше ереуілге шықты. Жұмыс берушінің еңбекақы бойынша берешегі 13 млн теңгеге жеткен.
Д. Қайыртай