$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жолсеріктер Тальго пойызында зорланған қызға оқиғаны жасыру үшін ақша ұсынған

AstanaTV
12.08.2019ж. 20:00
2978
Жолсеріктер Тальго пойызында зорланған қызға оқиғаны жасыру үшін ақша ұсынған

Жолсеріктер Тальго пойызында зорланған қызға оқиғаны жасыру үшін ақша ұсынған. Бұл туралы зардап шеккен қыз көпшілік алдына шығып, мәлімдеме жасады. Оны жақтаған депутат Нұржан Әлтаев "Қазақстан Темір жолы" қомақты өтемақы төлеуі тиіс деп отыр. Абай Сейфулланың материалы.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Қоғамда резонанс тудырған пойыздағы оқиғадан бері 10 ай өтті. Зардап шеккен қыз бүгін Елордада алғаш рет пресс-конференцияға қатысып, кесілген жазаға келіспейтітін білдірді. Кәсіпкер сол күннен кейін күйзелістен ойға алған жобаларын жүзеге асыра алмай, жұмысы тоқтап қалған. Тіпті жеке фирмасын сатуға мәжбүр болған. Істі дәлелдеу үшін 1 жылға жуық жүгіргенін, ал тергеушілер мен судьяның көзқарасы біржақты болғанын айтты.

ЖӘБІРЛЕНУШІ: 

Ешкім жәбірленушінің жағына шыққысы келмейді. Бәрі неге мені сол кезде даусымды шығарып, айғаламайды дейді. Психологтар бар ғой. Әркімнің реакциясы әртүрлі. Мен сөйлемек тұрмақ қозғала да алмаймын. Даусым жоғалып кетеді. Елестетіңізші, содан кейін жаныңда біреу жатқанын білесің. Бастысы - сені өлтіріп тастамаса екен деп ойлайсың. Сол қорқыныш жансыздандырып тастайды.

Кінәлі жолсеріктер қыздың ата-анасына да бармақ болған. Туыстары мекен-жайын біліп алып, келуге жиі әрекет жасаған. Алайда қыз кездесуге рұқсат бермепті. Істі тоқтату үшін ұсынған екі айлық жалақы көлеміндегі қаржыны алмаған. Айналасындағылардың қылмысты дәлелдей алмайсың деген сөзіне сеніп бір рет адвокаттан да бас тартқан. Дегенмен биологиялық сараптама нәтижесінен соң жағдай өзгерген. 

ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Барлығы маған жүгіріп келіп, оның отбасы бар деп шықты. Ал мен ше? Сонда отбасым болмаса мені зорлай беруге бола ма? Кім ішкі тәртіпке жауапты? Поезда сол кезде бәрі келіп, менімен келісуге әрекет жасады.

Пресс-конференцияда болған мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев "Қазақстан Темір жолына" арыздану үшін жәбірленушіге көмек көрсетпек. Компанияны қаржылық жауакершілікке тарту үшін білікті адвокат ұсынуға да дайын.   

Нұржан ӘЛТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

Ең бастысы - біз зорлықты орта деңгейдегі қылмыстан ауыр қылмыстар санатына ауыстыруымыз керек. Бұл менің және менің әріптестерімнің позициясы. Қоғамда мүлдем жол беруге болмайтын жағдайлар болып жатыр. Қарындасымызға зорлық жасалады, ал олар бар-жоғы екі жарым жылға сотталады. Бұған келісуге болмайды.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

26 шілде күні Қостанай соты жолсеріктер Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязовқа екі жарым жылдан берген. Алайда олар пойыздағы жағдай өзара келісіммен болды дегеннен танбады. "Қазақстан Темір Жолы" жәбірленушінің мәлімдемесіне қатысты жауап қатпады. Тек қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын ғана хабарлады.

А. Сейфулла