Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Арыс тұрғындары далада түнеп жүр

AstanaTV
13.08.2019ж. 20:00
2634
Арыс тұрғындары далада түнеп жүр

Арыстағы жарылыстан үйі қираған тұрғындар далада түнеп жүр. Қала халқы осылай деп шағымданды. Жұрттың айтутынша, құрылыс қарқыны туралы билікке жеткізіліп жатқан ақпарат теріс. Төтенше жағдайдан кейінгі 50 күнде не өзгерді? Айзада Төребекқызының репортажы. 

Әнуарбек Өсербаев әлі күнге дейін далада түнеп жүр. Өйткені баспанасы әлі бітпеген. Оның айтуынша, әу- баста «үйің апатты, сүрілуге жатады» деген, кейіннен күрделі жөндеуге жарайды деп ұйғарыпты. Бекемдеу жұмыстарын жасағанмен әлі шатыры жабылмаған. Апаттан соң араға бір ай салып әзер төбе көрсеткендердің жұмысы тым сылбыр деп күйінеді отағасы.  

Әнуарбек ӨСЕРБАЕВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Комиссия сөйтіп решили капремонт деп. Капремонт болса мен мына сымдарды 15 мыңға неменеге сатып алам?.. Капитальный болса солар шығармай ма, бір инструмент жоқ олардың, ештеңесі жоқ. Қамыстың үстіне батпақ құйды. Батпақты да жарытқан жоқ, тағы да құю керек. Жыртылып тұр бәрі қара қағазының бәрі...

"Көктем" мөлтек ауданы әскери бөлімге тиіп тұрған аумақ. Арасы бір шақырымдай ғана. Сол себепті мұнда бүлінген үйлер көп. Бірақ мұндағы жұрт құрылыс компаниясының жұмысына көңілі толмайтынын айтады.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Көріп тұрғанымыздай қазір Арыста көптеген үйдің шатыры жаңаланып, сырты әрленіп тұр. Құдды жарылыс болмағандай. Алайда соған қарамастан көпшілік жұрт әлі үйіне кіре алмай отыр. Өйткені сырты бүтін болғанымен іші мынадай айра-жайра болып жатыр.

Бұл Жүзжановтардың баспанасы. Бүкіл бөлме қайта сылауды қажет етеді. "Бір қабат сылақ әзер ілініп тұр" дейді үй иесі. Сыртының біткеніне тәубе дегенмен, ішіне кіруге жүрегі дауаламай отыр. Ал жауапты құрылысшылардың асығар түрі көрінбейді дейді. 

Жеңіс ЖҮЗЖАНОВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қимыл жоқ. Күнде барамыз, адамдар жоқ. Қашанғы шыдауға болады. Ертең сентябрь болады. Мына немерелер жүр, детсад істемейді, мектеп істемейді. Не үйге кіре алмаймыз, далада отырмыз. +Қашанғы шыдауға болады. Бұл әшейін мемлекетке беріп жатқан ақпарат бұлардыкі 90 процент берілді деп жатыр, фактически 10-ақ процент берілді.

Ресми мәліметке сүйенсек қазір Арыс қаласы 90 пайыз қалпына келтірілді. Ал қаланы бір айда қалпына келтіреміз деген уәденің созылуын тұрғындардың бір шешімге келе қоймауынан деді.  

Мұрат ҚАДЫРБЕК, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Кейбір тұрғындар комиссия қорытындысымен келіскісі келмеді. Олар үйін сүріп тастап жаңасын салып беруді сұрайды.Бәрі заң аясында болуы керек. Арнайы мамандар бар үйдің сапасын анықтайтын. Қорытындыны солар беріп жатыр. Құрылысшылар да сол талапты сақтауға міндетті. Біткен істің сапасына жауап беретіндер де бар.

Айта кетейік, жарылыс болған қару-жарақ қоймасындағы оқ-дәрі қалдықтарын тазарту жұмыстары басталды. Ал қала ішіндегі қалдықтар түгел таразртылған.  

А. Төребекқызы