$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Дифференциалды тарифтер жойылды. Нан қымбаттауы мүмкін...

AstanaTV
21.10.2017ж. 20:00
2855
Дифференциалды тарифтер жойылды. Нан қымбаттауы мүмкін...

Жарыққа байланысты дифференциалды тарифтердің жойылуынан кәсіпорны түнде жұмыс істейтін кәсіпкерлер шығынға бата бастады.Егер олар түнгі тариф болған қыркүйек айына дейін 1 кВт-сағатқа 4,66 теңге төлеп келсе, қазір 15,51 теңгеден төмен емес. Мысалы,Қызылжардағы ең ірі наубайхана 4 жыл бұрын қондырғыларды жаңартқан. Жарықтың түнгі тарифі арзан болған соң, кәсіпорын түнгі өндіріске басымдық беріп келген. Алайда жаңа жүйе енгізілгесін наубайхана өкілдері дағдарып қалды - несиесін арзан коммуналдық төлемнің арқасында жауып отырған еді. Не болады? Не болатын еді, нан бағасы өседі. СҚО кәсіпкерлер палатасының өкілінің хабарлауынша, Шал ақын ауданының кейбір жерлерінде бөлке нанның бағасы 65-тен 75 теңгеге көтерілген. Тұрғындар әрине, наразы. Дифференциалды тарифтер неге жойылды, одан орта және шағын кәсіп қиналып бастады ғой, деп министрлікке сауал қойдық. Егер өнім өндіріп отырған кәсіпкерлер банкротқа ұшырап бастаса, азық-түліктің бағасы апта сайын өскен картоп бағасы сияқты «не болып кетті?» дегізбек. Министрлік жауап берді ме, дифференциалды тарифтердің жойылуынан кәсіпкерлер қандай шығындарға батып жатыр? Абзал Құрманкин баяндайды.

90 жыл бұрын құрылған Петропавл нан-тоқаш комбинаты пісіретін нан - сапалы. Кәсіпорын шығынды азайтудың арқасында өнім аясын кеңейткен де. Бүгінде наубайхана нан мен тоқаштың 100-ден астам түрін пісіреді. Технологтар эксперименттер жүргізіп, келесі жылы бірнеше жаңа өнім шығаруды жоспарлап қойған.

«Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындары жарықты күндіз тұтынғаны үшін 15 жарым теңге төлейтін. Ал кешке қарай тариф тура екі есе қымбатқа түссе, түнгі уақытта тоқтың құны шамамен 4 теңгеге дейін арзандайды. Алайда жуырда енгізілген реформадан соң наубайхананың арыны "су сепкендей" басылды. Себебі мекеменің негізгі жұмыс уақытында - түнде тариф шамамен 3 есе қымбаттады».

Табыстан қағылмау үшін тауар бағасын көтеруге болады. Алайда нарыққа қымбат өніммен кірген субъектінің тұтынушыларынан айырылатыны сөзсіз. Сондықтан наубайхана шығынды кіріс көзінен жабуға мәжбүр.

07:00-ден 19:00-ге дейін 15,51 теңге

19:00-ден 23:00-ге дейін 34,22 теңге

23:00-ден 07:00-ге дейін 4,66 теңге

Қазір тәулігіне 24 сағат – 15,51 теңге

Наталья Агабабян, «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС бас директоры:

Қазір біздің шығынымыз 25 пайызға артты. Қысқа қарай 30 пайызға дейін көбейеді деп ойлаймыз. Осыған дейін біз түнде жұмыс істегендіктен тарифті 4 теңгеден төлеп отырдық. Енді ол 15,5 теңгеге дейін қымбаттады. Әзірге шығынды табыстың есебінен азайтып отырмыз.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында тарифтің салқынын сезген кәсіпкерлер бірден нан бағасын көтеріп бастады. Қазір Шымкентте 40 шақты ірілі-ұсақты наубайхана бар. Әзірге ас атасы шамамен 50 теңгеден сатылып жатыр. Дифтарифтердің жойылуы нанның 3-5 пайызға қымбаттауына ықпал етеді, дейді нан қауымдастығының өкілдері.

Әбдімәлік  Көмекбаев, «Нан қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Біз жалғыз электрэнергиясын ғана емес, бензинді, газды қосып, облыс әкімінің орынбасары Жамалов мырзаға хат жазғанбыз. Осындай себептерді атап көрсетіп, нанның өзіндік құнының артуына байланысты нан бағасының көтерілітінін ескертеміз деп. Енді біздің жалпы бағдарлап отырған жобамыз сол нан тұтынушыға 60 теңгеден сатылады деп отырмыз. Осы мәселе қаралуда.

Дифференциалды тарифтің ең тиімсіз кезеңі - кешкі 7-ден түнгі 11-ге дейінгі аралық біраз кәсіпорынның қалтасын қағып келген. Қазақстан кәсіпкерлері және қызмет көрсету қауымдастығы президентінің айтуынша, бірқатар өндіріс ошақтары кешкі тарифтен қашып, жұмысшыларын түнгі ауысымда еңбек етуге мәжбүрледі. Сонымен бірге дифференциалды тариф "бармақ басты, көз қыстыға" да апарды, - дейді Ермек Әбілдин.

Ермек Әбілдин, Қазақстан кәсіпкерлері және қызмет көрсету қауымдастығының президенті:

Біздің монополисттер мен кәсіпкерлердің арасында жемқорлық мәселелеріне әкеліп соғады. Өйткені, прибор учета дейміз, соның өзін настройка арқылы тек қана түнгі тариф немесе кешке тарифпен ғана санауға мүмкіндік туындаудың кездері болатын. Сондықтан қазір тек дифференциалды ғана емес, тек бір-ақ тариф болса, ол біздің кәсіпкерлерге өте жақсы болып келеді.

Дегенмен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарамағындағы тарифтер бойынша республикалық кеңестің мүшелері дифференциалды тариф мәселесі шикі зерттелген, дейді. Кеңестің бір мүшесі - Александр Казанцев Ұлттық экономика министрлігінің ұсынысымен өзгертілген жарықты есептеу жүйесінен "мемлекет ұтқан жоқ, керісінше, ұтылды" деп есептейді.

Александр Казанцев, «Атамекен» ҰКП тарифтер жөніндегі республикалық кеңесінің мүшесі:

Дифференциалды тарифтерді жою туралы заң негізсіз қабылданды. Қыркүйектің 24-нде ұлттық экономика министрі дифференциалды тарифтердің тиімсіз екенін айтты. Англия, Украина, Белоруссия, Ресей, елдерінде тоқты есептеудің осы нұсқасы жақсы қолданылып жатыр. Бізде неге ол тиімсіз болып қалыпты? Бағаның өсетіні сөзсіз. Оның зардабын баяғы халық тартады. Демек, мемлекеттік ұтылғаны деген сөз. Сондықтан бұл мәселені қайтадан көтеру керек.

Бірнеше жылдың ішінде тұтынушылар дифтарифтердің арқасында 3 миллиардтан астам теңгесін үнемдеп қалды. Алайда энергетикалық компаниялардың қаншалықты шығындалғанын ешкімнің айтқысы жоқ, дейді Александр Казанцев. Шығынның көлемін анықтау бағытында біз де біраз әрекеттеніп көрдік. «Севказэнерго» компаниясының қанша пайдадан қағылғанын білу үшін ресми хат жаздық. Басшыларына тікелей сауал жолдап көрдік. Алайда, монополистер тек қысқа жауаппен ғана шектелуді жөн санайды.

Мағауия Сағындықов «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директоры:

Иә, біз шын мәнінде шығынға батып жатырмыз. Бұл біз ғана емес, еліміздегі энергиямен қамту компанияларының бәрі осы мәселеге кезікті.

Ұлттық экономика министрлігі болса, "түнгі тарифті жоюдың себебі - тоқты күндіз және түнде пайдалануды теңестіру үшін", - деп жазбаша жауап қайтарды. 2009 жылға дейін, яғни дифферециалды тариф іске қосылмай тұрып, жарықты пайдалану құрылымының түнгі үлесі – 28,8 пайыз болса, кешкісі – 20,9 пайызға тең еді. Халық жарықты көбінесе күндіз тұтынып келген – 50,3 пайыз. Алайда, дифференциалды тарифтер енгізілген соң министрліктегілердің үміті ақталмаған көрінеді.

Ұлттық экономика министрлігінің жауабынан: Дифференциалды тарифтер енгізілген соң  түнгі тарифтің үлесі тек 0,5 пайызға ғана артты. Ал кешкі тарифке түсетін жүк небары 1,2 пайызға азайды. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, 2009-2013 жылдар аралығында дифференциалды тарифтердің қолданылуы электр энергиясын пайдалану құрылымына әсер етпеді.

Бір қызығы, сараптама жұмысы тек бастапқы 4 жылға ғана жасалған екен. Яғни, 2009-2013 жылдар аралығына ғана. Сондай-ақ, энергияны тұтыну көрсеткіштеріне қатысты зерттеу жұмыстары тек Павлодар мен Батыс Қазақстан облыстарында ғана жүргізілген. Ал қалған 12 аймақтың неге зерттелмегені, сараптаманың 2014, 2015, 2016 тіпті 2017 жылдары неге жүргізілмегені жұмсартып айтқанда, таңғалдырады. Түптеп келгенде мәселе терең және жан-жақты зерттелмеген!

Алмаз Саухимов саланы жақсы білетін маман. Оның пікірінше, түнгі тарифтен бас тартқан үкімет шалыс басты. Себебі, бұл механизм энергия үнемдеудің бірегей жолы болып саналады. Оны жетілдірген жөн, мәселен, дифференциалды тарифке мұқтаж кәсіпорындарға энергияны есептеудің құбылмалы жүйесін ұсыну қажет. Демек, әркім өзі қалаған уақытында жұмыс істейді. Нәтижесінде тоқты тұтынудың күндізгі және түнгі көрсеткіштері теңеспесе де, күндізгі уақытқа түсетін жүк мейілінше азая түседі. Бұл ең әуелі энергия өндіру станцияларына тиімді, дейді ол.

Алмаз Саухимов, Алматы энергетика және байланыс университеті электрэнергетика факультетінің деканы:

Дифтариф тиімді деп ойлаймын. Өйткені, ол электрстанцияларды қолдау үшін. Өйткені, біздің баланстағы энергияның 50-60 пайызы ол жылу электр станцияларінікі. Жылу электр станциялары базовый режимде жұмыс істейді. Базовый режим деген нені білдіреді? Тұтыну графигі тік болады.

Сөйтіп, энергия үнемдеу бағдарламасы дұрыс жолға қойылса, онда тоқты импорттау көрсеткіші де азаяр еді. Себебі бірқалыпты сұранысты толық қамтуға еліміздің энергетикалық компанияларының қауқары жетеді. Демек электр энергетика саласында шын тәуелсіз болуға мүмкіндік бар деген сөз. Бірақ мұнайлы ел бола тұра авиакеросин бойынша көрші елге соншалықты тәуелділігімізді ойласаң, онша дәмеленбейсің...

А.Құрманкин, Р.Асқарбекұлы, А.Төребекқызы, А.Қуаш «Біздің уақыт».