Негізгі / Жаңалықтар / Павлодардағы қамыс үйдің тұрғындары шу шығарды

Павлодардағы қамыс үйдің тұрғындары шу шығарды

Павлодарда апатты үй тұрғындары шу шығарды. 3 жылдан бері үйлерін бұзып, орнына жаңасын салып береміз деген әкімдер уәдесінде тұрмапты. Алдандық деген халық әлі күнге дейін өткен ғасырда салынған қамыс үйлерде тұрып жатыр. Өзгеріс Қуанар тарқатады. 

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Алюминстрой деп аталатын бұл шағын ауданда қамыс үйлер өткен ғасырдың 60 жылдары салынған. Өкінішке қарай, баспаналар қираудың аз-ақ алдында тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай қабырғалары қисайып, балшығы түсіп қалған. Сондықтан да қыста бұл үйлер жылынбайтын көрінеді.

20 жылдан бері осы үйде тұрып келе жатқан Ерқанат Шақатаев өмірі үшін алаңдаулы. Ол екінші қабатта тұрады. Күн өткен сайын едені қисайып барады. Оған қоса үйдегі су мен кәріз жүйесінің де тозығы жеткен.     

Ерқанат ШАҚАТАЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мына үйде тұру мүмкін емес. Давление жоқ. су ақпайды. Не үшін ақпайды ол? Мында жаңа үйлерді салды. Салғаннан кейін давление сол жаққа кетеді. Бізде трубалардың бәрі уже тозып кеткен. Тозып бәрі быт-шыт болған. Сантехника солай тоже. 

Дәл осындай жағдайда тұрған 11 баспананы қала билігі бұзамыз деп 4 жыл бұрын шешім шығарған. Алайда, шенділер айтқан уәдесінде тұрмапты. "Одан бері 3 рет әкім ауысты, мәселе айтылады бірақ басын ауыртқан адам жоқ",- дейді.  

Райхан ШАҚАТАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бізді үлкен орындағылар керек те қылмайды. Алюминстройды адам деп санамайды қазір. Алюминтсройдағылар адам емес. Бір тупикте қалдық. Ешқайсысы ескермейді де. Ескерусіз адам сияқтымыз.

Ал мына үйдің жағдайы тіптен қиын. Жақында ғана төбесі опырылып құлаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. 

- Міне, бізде осындай жағдай. Үстінен су ағып отырады постояно басымызға. Мына воданагривателіміз күйіп кетті су ағып. Содан күйіп кетті істемейді қазір. 

Ал әкімдік өкілдері камера алдында жауап беруден бас тартты. Тек мәселеден хабардар екенін айтып, бұл үйлерді 2020 жылы бұзу жоспарда бар екендігін жазбаша ғана хабарлады.  

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ: 

Осыдан бір ай бұрын қызметінен кеткен қаланың экс-әкімі Әнуар Күмпекеев жалпы құны 49 млн. теңге тұратын коттедж сатып алып, халықты бір шулатқан еді. Ескі үй тұрғындарына уәде берген әкімнің бірі осы еді. "Үмітсіз шайтан" деген тұрғындар енді жаңа әкімнің нақты әрекетін күтпек.

Ө. Қуанар