Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Шымкент әкімдігі ет бағасының қымбаттауы мен өнім тапшылығына байланысты экспортқа шектеу қоюды сұрап отыр

AstanaTV
14.08.2019ж. 20:00
5269
Шымкент әкімдігі ет бағасының қымбаттауы мен өнім тапшылығына байланысты экспортқа шектеу қоюды сұрап отыр

Шымкентте ет күн өткен сайын қымбаттап барады. Соңғы үш аптадан бері жылқы етінің келісіне шамамен 300 теңгеге қосылған. Сатушылар сататын ет жоқ деп отыр. Базардағы бағаның шарықтауы мен ет тапшылығының себебін Айзада Төребекқызы біліп қайтты.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Еттің қаттығын базар сөрелерінің босап қалғандығы-ақ аңғартып тұр. Әдетте түске дейін мұнда сауда қыз-қыз қайнап жататын. Алушы да сатушы да қарық. Алайда қазір түс аумай халық саябырсып қалған. Ал баға бағынбай барады.

Қазір базарда әсіресе сиыр етінің нарқы шарықтап тұр. Сатушылар мұны өздеріне келетін өнім құнының қымбаттығынан десті. Сөздеріне сенсек, қосатыны әрі кетсе 100- 150 теңге шамасы көрінеді.  

Алтынкүл УАЛИХАНҚЫЗЫ, САТУШЫ: 

Алдын сүйегімен етті 1600-1650-ден сататынбыз. Қазір 2 мыңнан сатамыз, мякоть 1800-1900 болатын, 2 мың болатын. Ал қазір 2500-2600-дан сатып жатыр. Мал аз, мал азайып жатыр. Шет жаққа көп кетіп жатыр, себебі сол. Одан басқа ештеңесі жоқ.

Қой еті де арзан емес. 1700-1800 теңге аралығында. Жылқы еті де қалыспайды. Сатушылар қамбар ата төлі өнімінің де кемінде 300 теңгеге көтерілгенін айтты. Сүйексіз бөлігі -2700 теңгеден сатылып жатыр. Қазы да осы шамалас дегендер соярға жылқы қалмағанын айтты.  

Зұлпыхар БАҚТОРАЗОВ, САТУШЫ: 

Жоқ қой жылқы жоқ, бағу қиын. Қымбат. Жем-шөбі қымбат. Жылқы ол кемінде 6-7 ай тұрады. Соған қарап жем қымбаттайды. Қазір үкіметте бидайдың бағасы 70 теңге. 70 теңгеден біреудің бағасы көтереді, көтере алмайды сондай.

Ал халық жесе тісіне, жемесе түсіне кіретін еттің мөлшерін азайта бастағанын жасырмайды.  

Гүлнара АЯЗБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

- Неге қымбаттап жатқанын білмейміз.

Бұрынғыдан аздау алып жатырсыз ба қайтіп жатсыз енді?

- Әрине, аздау аламыз, бюджетімізге қарап аламыз.

Любовь СТРЕЛЬЦОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Екі есе азайттым еттің көлемін. Мейлінше тауық етін алып жүрмін. Негізінен сиырдың тартылған етін жейтінмін. Біз сияқты зейнеткерлерге қымбатқа түсіп тұр. Азық-түлік шетінен қол жеткізбей барады.

Кәсіпкерлік басқармасындағылар бағаның өсуінің бір себебін төрт түлік өнімінің шетел асуымен байланысты екенін жоққа шығармады. Былтыр бес айда мыңнан астам, осы жарты жылда 1,5 мыңға жуық ірі қара мен уақ мал еті экспортталыпты. Десе де тапшылық жоқ деп отыр. Бірақ соңғы бір аптада сиыр етінің келісі тағы 100 теңгеге өсуі оларды да ойландырып қойыпты. 

Қайрат БАЗАРБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК, ИНДУСТРИАЛДЫ - ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Бізде қазіргі таңда осы бағаға қатысты басқарма тарапынан құзырлы мекемелерге ұсыныс хат жолданды. Қалыптасқан жағдайға байланысты сиыр етінің ішкі нарықты қамтамасыз ету ісі, экспортқа қысқарту немесе шектеу қою жөнінде. Қазіргі таңда құзырлы органмен бұл хатымыз қаралып жатыр.

Айта кетейін, Шымкентте еттен бөлек картоп, пияз, күріш, жұмыртқа секілді күнделікті қажет азықтар да аспандап тұр. Шенеуніктер бағаны реттеуге қалада азық-түлікті тұрақтандыру қорының жоқтығынан да деп отыр. Шымкент дербес қала болғалы бұл қор құрылмаған.  

А. Төребекқызы