Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Наурызбай ауданындағы жағдай төтенше жағдай мамандарының бақылауына алынды

AstanaTV
14.08.2019ж. 20:00
2438
Наурызбай ауданындағы жағдай төтенше жағдай мамандарының бақылауына алынды

Бүгін таңға жуық Алматыдағы шағын аудандардың бірінде дабыл қағылды. Қарғалы өзені бойымен лай көшті. Жақын маңдағы адамдар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Алайда көпшілік баспанасын тастап кетуге асықпады. Оқиға орнына барып қайтқан әріптесім Әсем Лесбек тақырыпты жалғастырады.

- Көбісі мына тауға қарай қашты. Қашып бардық, балаларда көлік бар еді сонымен. 

Наурызбай ауданындағы табиғи апат таңғы сағат 6-лар шамасында басталған. Таусамалы, Қарағайлы елді-мекендері арқылы өтетін өзендегі судың деңгейі көтеріліп, дабыл қағылды. Ауданда газ бен жарық жүйесі өшірілді. Абдыраған жұрт үйлерін жауып, бас сауғалап қаша жөнелген.    

Мұса МҰСАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қалай болатынын мен де білмеймін, ешкім де білмейді. Су барлығы өшіріліп тұр, свет те, газ да.

Болат АЮПОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Сағат 7 жарым 8 дерде басталды ғой су. Алдында әппақ болып ағып жатқан су содан бері көтерілді.

Қауіп төнген аймаққа қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келіп, дүрбелеңге түскен жұртты сабырға шақырмақ болды. Билік мектептерді эвакуациялық пункт ретінде ашқан. Бірақ халықтың көбі оған мүлдем бас сұқпапты.  

Айнұр ТҰРСЫНОВА, ЖАҢА ҒАСЫР № 175 МЕКТЕП- ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Келген адамдарды күтіп алуға толығымен дайын отырмыз ал бірақ таңнан бері әлі ешқандай адамдар келген жоқ.

Төтенше жағдай бойынша жедел штаб құрылды. Кейін қалалық төтенше жағдайлар департаменті брифинг өткізіп, қауіп жоқ екенін хабарлады. 

Ерлан ӘЛІБЕКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ  

Көлді біз мамыр айынан бақылаған кезде көлдің суға толып қалғанын анықтап жұмысты күшейткен болатынбыз. Ол үшін арнайы 6 су сорғыштар қойдық. Жұмыстың басталғанынан бастап 1,6 млн куб су төмен түсірілді. Ең бастапқы көлемі 77,2 мың кубты құрады. Қазір Қарғалыда су, лайдан да бірақ қауіп жоқ. Судың расходы 4,86 метр кубты құрады.

Елордада брифинг берген Ішкі істер министрінің орынбасары тек Алатау ауданы Рысқұлов даңғылы бойындағы бірқатар учаскелерден қауіп бар екенін айтты.   

Юрий ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Соңғы төрт жылда ол өзенде су жиналуы байқалмап еді. Биыл әуеден бақылау арқылы судың ағыны күшейгенін көрдік. Сондықтан алтыншы шілдеден бастап өзен арнасын босату жұмыстарын жүргіздік. Басында су көлемі 80 мың куб метр еді, арнайы насостар арқылы 1,5 млн куб су айдалды

Алматыда лай көшкіні соңғы рет 2015 жылы болды. Сол кезде жергілікті билік өзен арнасы бекітіп, біраз жұмысқа атқарған болатын. Бұл іс атқарылмағанда бүгінгі оқиға қайталанар ма еді дейді тұрғындар.  

Шәріпбек ЕРІНБЕКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Байбек өзінің шамасына қарай жаман істеген жоқ, жасап кетті.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:  

Қазіргі уақытта селдің қаупі сейілген. Өзеннің арнасында судың тасуы байқалмайды. Дегенмен төтенше жағдай мамандары жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Ә. Лесбек