Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Көп балалы ана депутаттардың уәдеде тұрмағанына шағымданды

AstanaTV
15.08.2019ж. 20:00
2491
Көп балалы ана депутаттардың уәдеде тұрмағанына шағымданды

"Ақ жол" партиясы уәдесінде тұрмады. Депутаттар 4 баласымен далада қалған жалғызбасты анаға берген уәдесін орындамаған. Бұл туралы кейіпкеріміз Ақбаян Жалмұрзаева айтты. Кәсібінен айырылып, лашықта түнеп жүрген отбасының тағдырын бұған дейін айтқан едік. Сайлау тұсында ақжолдықтар оған көмектеспек болған еді. Жалғызбасты келіншектің қазіргі жағдайын Нұрсұлтан Біләл білді. 

Ақбаян Жалмұрзаеваның мына лашықты 4 баласымен паналап жүргенін маусым айында көрсеткен едік. 17 жыл бұрын Астанаға көшіп келген ол жатақхана жалдап тұрған. Балала ры аш қалмас үшін дүкенді жалға алып, азық-түлік сатады. Ақбаянның айтуынша дүкен қожайыны екі айлық жалдау ақысын алып, кейін қуып шыққан. Нәпақасыз далада қалған отбасыға әлдекімдер лашық салып берді. 

Нұрсұлтан БІЛӘЛ, ТІЛШІ:

Осы уақытқа дейін кейіпкеріміздің көмек сұрап, қақпаған есігі қалмаған. Балаларымен даладағы лашықта тұрған көп балалы әйелдің жағдайын білу үшін Президенттікке кандидат Дания Еспаева мен депутат Азат Перуашев барған еді. Бірақ Ақбаян олардың сөзі жерде қалды деп отыр. 

Дания ЕСПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

Тұратын жер, баспана беруіміз керек біріншіден. Ал екіншіден мына кісілерді кәсіпкерді заң бойынша тарту керек, себебі ақшаларын алып қуып жіберген деген не қылмыстық ол?!.  

Ақбаян ЖАЛМҰРЗАЕВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Депутат Азат Перуашевтың жеке нөміріне өзіне хабарласып айтқанмын. Мынау бұрынғы тұрған жатаханамыздан шығарып жатыр бізді, көмек сіздерден бар ма, көмек береміз деп едіңіздер, проблемаларды шешіп береміз деп едіңіздер деп. Сіз біздің бақылауымыздасыз шешіледі барлығы оның бәріне уақыт керек" -деді. Одан кейін тағы бір хабарласып едім мені блокқа қойып қойды. Звонок бармайтын қылып блокқа қойды. 

Көп балалы ананың айтуынша, партиялықтар сайлау додасы біткенше ғана пәтер жалдап беріпті. Қазір жатақханада тұрып жатыр. Ақшадан тарыққан Ақбаян тағы да далада қаламын деп қорқады. Мәселені айтып әкімдік өкілдеріне жүгіндік. Олар уақытша жатақханаға орналастыруды қарастырып жатқанын айтты. 

Бақтияр МӘКЕН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Әлеуметтік көмекті көрсетіп жатырмыз. Қазір нақты түрде сол кісінің мұқтажын қарап арнайы комиссияға беріп, қазір мына квартира беру мәселесін қазір қараймыз. Енді бұл комиссия шешеді. Бұл тек қана бір адамның мүддесі емес, комиссиямен шешеміз. Мен ойлаймын осы айдын аяғына дейін қарастырады бұл мәселені.   

Отбасының кішкентайы 2 жаста. Сондықтан Ақбаян жұмысқа шыға алмайды. Ал кәсіптен беті қайтқан. Әзірге көп бала үшін берілетін атаулы әлеуметтік көмекке жан бағып отыр.

Н. Біләл