Көктөбенің баурайында тұратын тұрғындар жаппай көшіп жатыр. Олар өткен аптада болған алапат өрттерден қорқып қалған. Қызыл жалынды көрген тұрғындар баспаналарын тастап, бас сауғалап кеткен еді. Өрт басылған соң көшудің қамына кірісіпті. Әсем Лесбектің репортажы.
Ләззат Қабылованың Көктөбе маңында тұрып жатқанына 3 жылдан асқан. Таудың салқын самалы мен әдемі көрінісіне қызығыпты. Кешегі күнге дейін алаңсыз жүрген отбасы үш рет тұтанған тау бөктерінен көшуді ұйғарыпты. Өйткені балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды.
Ләззат ҚАБЫЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Басқа жаққа көшіп жатырық, өрт болғаннан кейін балалардан былай қорқасын. Өрт өшті дегеннен кейін бірақ келдік қой, оған дейін келген жоқпыз үйге, үйде болған жоқпыз қорықтық келуге.
Қазір бұл аумақта жер учаскесін сатушылар көбейген. Әрбір екінші үйде "сатылады" деген жазу кездеседі. Кенже Болатханұлы да бас амандығын бірінші орынға қойдым дейді.
Кенже БОЛАТХАНҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Сондықтан көшіп кетейін деп жатырмыз, өйткені қауіпті сияқты. Лучше безопасность бала-шаға болғаннан кейін, кішкене қауіпсіз жерге баруға тырысып. Менімше мына жақтан бір адамның мәйіті табылды деді, может трансфарматорға тоққа жабысып қалған шығар содан шыққан шығар өрт
Жергелікті тұрғын өрт адам қолынан жасалған болуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды. Қурап тұрған шөпке темекі тұқылын тастаса да жеткілікті деп отыр. Экологтарда осы нұсқаны қолдайды. Күн ысыған сайын дала өрттері көбейе түсетінін естен шығармаған жөн дейді.
Айжан СКАКОВА, ЭКОЛОГ:
Күн ысыған сайын барлық ағаштар мен шөптер қурай бастайды. Ол кезде таулы аймақпен қатар қаладағы саябақтарды да үзбей суғарып тұру керек. Қарапайым тұрғындар да қауіпсіздік шараларын барынша сақтауы қажет.
Айта кетейік, өткен аптада Көктөбе бөктері қайта-қайта өртенді. Көк түтін қаланың да ауасында ластаған болатын. Апат болған аймақтан бір адамның мәйіті табылған еді. Қазіргі таңда, полиция адам өлімінің себебін анықтау үшін медициналық сараптама жүргізуде.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Үш рет отқа оранған Көктөбенің қазіргі кейіпі мынадай. Мұнда шамамен 20 гектарға жуық жер күлге айналды. Бүгінгі таңда мамандар таудағы қауіптің толықтай сейілгенін айтса да, маңайды бақылау жұмыстары жалғасуда.
Таудағы өртке не себеп болғаны әлі белгісіз. Оны төтенше жағдайлар департаменті мамандары анықтамақшы.
Ә. Лесбек