Қыркүйектен бастап «Елорда жастары сыйлығы» байқауына өтініштер қабылданады. Жоба ұйымдастырушысы Алпамыс Шәрімов, брифингте жарыс талаптарын таныстырды. «Жастар жылында» үшінші рет жалғасын тапқан байқау, биыл екі арнайы сыйлық ұсынып отыр. Бұдан бөлек, номинациялар саны да көбейген.
«Жыл жаңалығы» және «Ерлігі үшін». Бұл биылғы доданың ерекше сыйлығы, әрі бірінші рет табысталмақ. Таланатты да, талапты жастарды қазылар алқасы мен халық бірге таңдайды. Шешуші дауыс SMS арқылы қабылданбақ. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы өз саласында озық жүрген жастар қатыса алады.
Алпамыс ШӘРІМОВ, ЖОБА ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:
Биылғы номинациялар "Ғылым, "Заманауи шығармашылық өнер", "Журналистика, "Қоғамдық қызмет", "Спорт", "театр мен кино", "Әлеуметтік саланың үздік қызметкері", "Өндірістің үздік қызметкері", "Жас волонтер", "Үздік кәсіпкер", "Үздік мемлекеттік қызметкер", "Үздік SMM-менеджер". Бұдан бөлек «Ұлттық өнер» және «Үздік жастар тетары» деген екі аталым қостық.
Жарыстың жүлде қоры 100 мың теңге. Әрі бұл жолы жоба авторлары ерекше статуэтка дайындап жатыр. Ұйымдастырушылар сыйлықты табыстап, марапаттау сәті де биыл өзгеше болады деп сендірді. Отандық әртістермен қатар, алыс-жақын шетелден де өнер майталмандарын жинамақ.
Ақұлан ТАСТЕМІР, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бұл енді кез келген адамның жылдың соңына дейін жасаған еңбегін, талабын шыңдайтын, айрықша бағалайтын жобаның бірі. Себебі кез келген еңбектің өз бағасы, өз нәтижесі болу керек. Сондықтан елден ерекшеленген, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жастарды әкімдік тарапынан марапаттауымыз шарт деп ойлаймыз.
«Елорда жастары сыйлығы» байқауы қарашада өтеді. Байқау жеңімпаздары автоматты түрде республикалық «Дарын» сыйлығының үміткері атанады.
А. Бектас